Трамп, Путин және Си Цзиньпин 19 қарашада Қытайда кездеседі

Трамп gty Путин қол алысып тұр. АҚШ, Анкоридж, тамыз айы 2025 жыл.
Трамп gty Путин қол алысып тұр. АҚШ, Анкоридж, тамыз айы 2025 жыл.

АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының үшжақты кездесуі 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС саммиті) аясында өтеді. Бұл туралы Ақ үйдің аты-жөнін атамаған өкілі New York Post басылымына хабарлады. Кейін Ақ үй өкілдері бұл ақпаратты өзге басылымдардың журналистеріне де растады.

Әзірге, Мәскеу мен Пекин ресми түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Кремль мұндай кездесу өтуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Бұл — әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдарға ие үш ел басшыларының тарихтағы алғашқы үшжақты кездесуі болмақ.

Ақ үй өкілі алдағы кездесуді «тарихи» деп атап, онда негізінен ядролық қаруды бақылау мәселесі талқыланатынын айтты. Бұған дейін Трамп та осы тақырыпты көтерген еді. Сонымен қатар Иран мен Солтүстік Корея мәселелері де сөз болуы мүмкін. Ал ресми мәлімдемеге сәйкес, Украинадағы соғыс талқыланбайды.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісінің жазуынша, Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен жеке, екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы АҚШ әкімшілігінің өкілі хабарлаған. Бұған дейін Украина мен Еуроодақ елдері үш державаның басшылары «Украинаны Украинаның қатысуынсыз» талқылауы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.

АҚШ-тың арағайындығымен бірнеше күн бұрын Украина мен Ресей делегациялары бейбіт келісімге келу мүмкіндігін талқылау үшін келіссөздерді қайта бастаған. Ақпаратқа қарағанда, алдағы уақытта бұл келіссөздерге Еуроодақ өкілдері де қосылуы мүмкін.

Ресей жағы, өзінің мәлімдеуінше де, батыс БАҚ дереккөздерінің айтуынша да, соғыс аяқталғаннан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктеріне басымдық беріп отыр. Мәскеу 2022 жылы Украинаға басып кіргенге дейін ұсынған талаптарын қайта көтеріп жатқаны айтылады. Атап айтқанда, НАТО-ға 1997 жылдан кейін қосылған елдерден одақ күштерін шығару және АҚШ пен Еуропа елдері қабылдауы тиіс өзге де шектеулер туралы сөз болып отыр.

​
XS
SM
MD
LG