Accessibility links

Трамп Иран порттарына теңізден қойылған құрсауды бұзған кемелер жойылады деп сес көрсетті

Зымыран қаруы бар USS Frank E. Petersen Jr. эсминеці Араб теңізінде жүзіп жүр (көрнекі сурет)
Зымыран қаруы бар USS Frank E. Petersen Jr. эсминеці Араб теңізінде жүзіп жүр (көрнекі сурет)

АҚШ президенті Дональд Трамп теңіздегі америкалық "құрсауға" жақындаған ирандық кемелер жойылатынын мәлімдеді. Ол Иран порттарына кіріп-шығатын теңіз қозғалысын шектеу шаралары Солтүстік Американың шығыс жағалауы уақытымен 13 сәуірде сағат 10:00-де (Астана уақытымен сағат 19:00) күшіне енгенін растады.

"Иран әскери-теңіз флоты теңіз түбінде жатыр, 158 кеме толық күйреді. Біз олардың өздері "соққы беретін ұшқыр кемелер" деп атайтын саны аз кемелерін шабуылдаған жоқпыз, өйткені оларды елеулі қауіп санаған жоқпыз. Ескерту: егер осы кемелердің қайсыбірі біздің құрсауға жақындаса, ол біз теңізде есірткі таситындардың қайықтарына қарсы қолданып жүрген жүйенің көмегімен дереу жойылады", деп жазды он в Truth Social желісіне.

Кейінірек, 13 сәуір күні Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында Трамп журналистерге АҚШ қандай да бір келісімнің бар-жоғына қарамастан, Иранның ядролық амбицияларын шектеуге және оның қолындағы уран материалдарын тәркілеуге ниетті екенін айтты.

"Біз ешбір елдің бүкіл әлемді бопсалауына немесе ақша талап етуіне жол бере алмаймыз", деді Трамп.

Ол 12 сәуір күні Ормуз бұғазы арқылы 34 кеме өткенін айтты.

Бұған дейін АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) бұл шектеулер Иран порттарына кіретін не Парсы және Оман шығанақтары арқылы олардан шығатын барлық кемеге қай елге тиесілі екеніне қарамастан қолданылады деп мәлімдеген. Ал Ормуз бұғазы арқылы басқа елдердің порттарына өтетін бағыттарға шектеу қою жоспарланбаған.

The Wall Street Journal басылымына пікір білдірген жоғары лауазымды америкалық шенеуніктің айтуынша, теңізден құрсауды қамтамасыз етуге АҚШ-тың 15 әскери кемесі тартылып отыр. Оның сөзінше, бірқатар еуропалық елдер кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын, бірақ теңіз құрсауына қосылудан бас тартып отыр.

Бұл шешім 11 сәуір күні Исламабадта өткен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталуғанан кейін қабылданды. Тараптар негізгі мәселе — Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша ортақ мәмілеге келе алмаған.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) әскери кемелердің бұғазға жақындауын атысты тоқтату режимін бұзу деп қабылдайтынын және оған қатаң түрде тосқауыл қоятынын ескертті. Иран қарулы күштерінің өкілі АҚШ-тың кеме қозғалысын шектеу әрекеттерін "қарақшылық әрекет" деп атап, Иран порттарына қауіп төнген жағдайда Парсы және Оман шығанақтарындағы порттар да қауіпсіз болмайды деп мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, НАТО-дағы одақтастар, соның ішінде Ұлыбритания мен Франция, теңізден құрсауға қатыспайтынын мәлімдеп, әлемдік нарықтағы мұнай көлемінің шамамен бестен бірі өтетін бұл бұғаз арқылы қозғалысты қайта жандандыру қажет екенін айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG