Accessibility links

Трамп Қытай Иранға қару-жарақ бермеуге келіскенін айтты

Дональд Трамп (сол жақта) пен Си Цзиньпин (архивтегі фото)
Дональд Трамп (сол жақта) пен Си Цзиньпин (архивтегі фото)

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай Вашингтонмен Иранға қару-жарақ жеткізбеу жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді.

"Қытай менің Ормуз бұғазын біржола ашып жатқанымa өте қуанышты. Мұны мен олар үшін де, бүкіл әлем үшін де жасап отырмын. Мұндай жағдай енді қайталанбайды. Олар Иранға қару жеткізбеуге келісті", деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Бұған қоса Трамп алдағы бірнеше аптада Қытайға барып, сол елдің басшысы Си Цзиньпинмен кездесуді жоспарлап отырғанын айтып, елдер арасындағы ынтымақтастық "қақтығыстан әлдеқайда тиімді" екенін айтқан.

АҚШ президенті бұған дейін Қытай Иранға қару жеткізсе, Пекин "үлкен мәселе" тауып алатынын ескертіп, қосымша баж енгіземін деп сес көрсеткен. Сонымен қатар, CNN дереккөздері АҚШ барлауы Қытайдың Иранға әуе қорғаныс жүйелерін, соның ішінде жылжымалы зенит кешендерді беруі ықтимал екенін жоққа шығармайды деп хабарлаған еді. Пекин бұл айыптауларды теріске шығарды.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, АҚШ пен Иран келіссөздердің екінші кезеңін өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, тараптар әзірге нақты күнді келіспеген.

Пәкістандағы дереккөздер кездесу келесі аптаның аяғында Пәкістанның арағайындығымен Исламабадта өтуі мүмкін екенін айтады. АҚШ делегациясы құрамында вице-президент Джей Ди Вэнс, арнайы өкіл Стив Уиткофф және президенттің күйеубаласы Джаред Кушнер болуы мүмкін. Иран тарапынан парламент спикері Мохаммад Бағер Ғалибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Арақчи қатысады деген болжам айтылады.

Bloomberg мәліметінше, Вашингтон мен Тегеран 21 сәуірде аяқталатын уақытша бітімді тағы екі аптаға ұзарту мүмкіндігін де талқылап жатыр. Арағайындар негізгі қайшылықтарды шешу үшін техникалық кеңесулер ұйымдастыруға тырысып отыр. Алайда америкалық шенеуніктердің бірі бітімді ұзартуға кепілдік жоғын және АҚШ әзірге ондай қадамға ресми келісім бермегенін айтты. Тегеран бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Келіссөздердің алғашқы кезеңі 11 сәуірде Исламабадта нәтижесіз аяқталған. Негізгі келіспеушіліктер Иранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты болып отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG