АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында "энергетикалық бітім" күшіне енгенін жариялады. Ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл келісімге "екі тарап та келісті" деп жазып, "Оны бұзбаңыздар!" деп ескертті. Алайда ол бұл бітімнің нақты шарттары мен нені көздейтіні жайлы ештеңе айтқан жоқ.
Украина президенті Владимир Зеленский Axios басылымына Трамптың бұл мәлімдемесі өзі үшін тосын жаңалық болғанын айтты, бірақ егер бітім екіжақты болса, Украина оны қолдауға дайын екенін жеткізді.
"Егер президент Трамп бұл жайлы Путинмен келіскен болса, онда бізге атысты тоқтату қашан басталатынын айтыңыздар. Біз дайынбыз және оны қабылдаймыз" деген Зеленский.
Кейінірек Зеленский өзінің ресми Telegram-арнасында Трамптың мәлімдемесінен соң НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен, Финляндия президенті Александр Стуббпен және Канада премьер-министрі Марк Карнимен телефонмен сөйлескенін хабарлады. Ол Украина атысты тоқтатуды қолдайтынын және мұндай қадамды Ресейдің де қолдауы маңызды екенін атап айтқан.
"Америка тарапынан егжей-тегжейін күтеміз. Өз тарапымыздан жағдайды ушықтырмауға, адам өмірін қорғауға және соғысты тоқтатып, ұзақмерзімді бейбітшілікке кепілдік беретін қажетті шешімдерді әрдайым қолдаймыз" деп жазды Украина президенті.
Мәскеу бұл мәлімдемеге байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Мәлімдеме АҚШ пен Ресей президенттері арасында дизель отынын жеткізуге қатысты уағдаластық жасалып, Трамп Зеленскийді сынға алған шақта жасалып отыр. Бұған дейін Трамп Вашингтонның талабына қарамастан, Украина Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарды жалғастырып жатыр деп Киевке сын айтқан.