АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ресей және Украина басшыларымен бейбіт келіссөз өткізу ұсынысын қабыл алуға дайын, алайда келіссөзге Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуы маңызды. Ақ үй осылай деп хабарлады.
"Президент мұндайға ашық екенін айтты, ол тек келіссөзге екі елдің басшылары да бірге қатысқанын қалайды", – деді Ақ үй өкілі Кэролайн Ливитт журналистерге.
Бұған дейін, дүйсенбі күні Стамбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасында келіссөз өткеннен кейін Ердоған Путин, Трамп және Зеленскийдің қатысуымен Стамбұлда немесе Анкарада кездесу өткізгісі келетінін айтқан.
Ол Стамбұлда Ресей мен Украина арасында өткен келіссөзді "тамаша болды" деп сипаттап, Түркия алдағы уақытта саммит ұйымдастыру туралы бастама көтереді деп хабарлаған.
Оның алдында Зеленский де ондай кездесу өткізуді қолдайтынын, бірақ ол кездесу өткеннен кейін атыс бірден тоқтайды деп үміттенбейтінін мәлімдеген.