Accessibility links

Трамп Ресейге қарсы "Грэм заңындағы" шектеулерді қолдануды тоқтатты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен айда Конгресс қабылдаған – қайтыс болған сенатор Линдси Грэмнің құрметіне орай аталған құжатта қарастырылған Ресей мен оның әріптестеріне қарсы санкцияны қолдануды тоқтататын жарлыққа қол қойды.

Заң бойынша, АҚШ әкімшілігі аталған шараларды 18 қазанға дейін қолданысқа енгізуі керек болған. Дегенмен сол құжатта президент әкімшілігі ұлттық мүддені ескере отырып, аталған шараларды қолданудан бас тарта алатыны да жазылған. Трамп сол құқықты пайдаланды.

«Осы кезеңде мұны[санкция енгізуді – ред.] кейінге қалдыру АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай келетінін ресми түрде растаған құжатты Конгреске жолдадым» делінген жарлықта.

Мәселе, ең әуелі, Ресейден импортталатын тауарларға 500 пайыздық баж салығын енгізу, Ресей мұнайы мен газын ең көп сатып алатын бес елден келетін тауарларға 100 пайыздық импорттық баж салу, сонымен бірге заңда көрсетілген жекелеген тұлғалар мен ұйымдарға санкция енгізу туралы болып отыр. Олардың қатарында Ресейдің қорғаныс, энергетика және қаржы ұйымдарының өкілдері, Ресей билігінің өкілдері, сонымен бірге «тасадағы флотқа тиесілі» кемелер бар.

АҚШ президенті немесе мемлекеттік хатшысы өзгеше шешім қабылдағанға дейін бұл санкцияларды қолдану тоқтатылады.

Дегенмен Трамптың жарлығында 16 қазанға дейін Ресейге қарсы қолданыста болған барлық санкция күшінде қалатыны атап көрсетілген. Бұл талап та Грэм заңында қарастырылған.

Әкімшілік санкциялық режимге жекелеген ерекшелік енгізу құқығына да ие. Мәселен, осы аптада Ресейден дизель отынын сатып алуға мүмкіндік беру үшін осындай ерекшелік енгізілді. Бұл шешімді Украина мен Еуроодақтың бірқатар елдері сынады.

Украина президенті Владимир Зеленский мен Еуропа көшбасшылары Трампты Ресейге қарсы санкцияны жеңілдетпеуге, керісінше күшейтуге, атап айтқанда, Грэм заңында көзделген шектеу шараларын қолдануға шақырған еді.

Трамптың шешіміне наразы болған Зеленский АҚШ билігі Грэм заңын «толықтай елемеу» туралы шешім қабылдады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Ресей әскері Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына жаппай соққы жасап жатқан кезеңде болып отыр.

«Бұл заң қатты көмектесе алар еді, әлі де көмектесе алады! Бірақ ол шынымен жұмыс істеуі керек. Ал оны іске асыру үшін берілген әр дауыс маңызды» деп жазды Зеленский.

Заң жобасы былтыр әзірленгенімен биыл жазда ғана – сенатор кенет қайтыс болғаннан кейін мақұлданды.

Ақ үй құжатты қолдады, алайда оған енгізілген түзетулер әкімшілікке заңды қолдану бойынша кең өкілет берді. Санкцияны күшейтуді қолдаған көптеген демократ заң жобасына дауыс беруден бас тартты. Олардың пікірінше, бұл құжат Трамп әкімшілігінің өкілетін одан әрі арттыруы мүмкін.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG