Accessibility links

Трамп Ресеймен арада стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту шартының орнына өзге келісім болатынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен арада жасалған Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы шартты (СНВ-III) ұзартпайтынын растады. Шарттың мерзімі биыл 5 ақпанда аяқталды.

АҚШ пен Ресейдің ядролық қару-жарағының көлемін шектеу туралы СНВ-III шартына 2010 жылы Прагада сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев қол қойып, құжат 2011 жылы күшіне енген.

Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған постында Трамп ескі шартты ұзартудың орнына "жаңа, жақсырақ әрі жетілдірілген шарт" жасасуға шақырды. Ол бұрынғы құжатты "сәтсіз жасалған келісім" деп атап, оның "өте өрескел түрде бұзылып жатқанын" айтты.

Бұған дейін 5 ақпанда Axios басылымы келіссөздер барысынан хабардар дереккөздердің айтқанына сүйеніп, Ресей мен АҚШ СНВ-III шартын іс жүзінде ұзарту жөніндегі уағдаластыққа жақын екенін жазған. Басылым мәліметінше, америкалық келіссөз жүргізушілер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер 4-5 ақпанда Әбу-Дабиде ресейлік өкілдермен келісім параметрлерін талқылаған.

Axios аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік аяқталып отырған шарттың мерзімі заң жүзінде ұзартылмайды деп мәлімдеген. Басқа дереккөз тараптар кемінде жарты жыл бойы СНВ-III талаптарын іс жүзінде сақтауға келісуі мүмкін екенін, осы уақыт ішінде жаңа келісім жайлы келіссөздер жүргізілетінін айтқан.

  • 2025 жылғы күзде Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Кремль СНВ-III талаптарын шарт мерзімі аяқталғаннан кейін тағы бір жыл сақтауға дайын екенін, бірақ ол үшін АҚШ та сондай міндеттеме алуы керек екенін мәлімдеген. Ал президент Трамп қаңтар айында The New York Times басылымына берген сұхбатында шарт аяқталады деп алаңдамайтынын айтып, "біз жай ғана одан да жақсы келісім жасаймыз" деген еді.
  • The New York Times тілшісімен әңгіме кезінде Трамп болашақ келісімге ядролық қару-жарақ көлемі бойынша әлемде үшінші орында тұрған Қытайды да қосу қажет болуы мүмкін екенін айтқан. Қытайдың Вашингтондағы елшілігі бұл талапты "қисынсыз әрі іске аспайтын нәрсе" деп атап, Қытай ядролық қару-жарағы көлемін "ең аз деңгейде" ұстап отыр және жанталаса қаруланудан аулақ деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG