Accessibility links

Трамп Стивен Миллерді Ақ үй аппаратының басшысы етіп тағайындады

Стивен Миллер мен Дональд Трамп. Тамыз айы, 2026 жыл.
Стивен Миллер мен Дональд Трамп. Тамыз айы, 2026 жыл.

Стивен Миллер 9 қарашадан бастап Ақ үй аппаратын басқарады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде хабарлады.

Қазір Миллер Ақ үй аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарады және президентке ішкі қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес береді. Ол бұл қызметте Сьюзи Уайлстың орнын басады. Уайлс бұдан әрі қарай да Трамптың саяси командасында жұмысын жалғастырады.

Кадрлық ауыс-түйіс республикашылдар аралық сайлауда жеңілгеннен кейін бірнеше күн өткен соң белгілі болып отыр. Уайлс Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері Ақ үй аппаратын басқарған және бұл қызметке тағайындалған алғашқы әйел болған. Биыл наурызда оған сүт безі обыры диагнозы қойылғаны белгілі болды. Бірнеше ай емделгеннен кейін Уайлс тексерулер кезінде аурудың белгілері анықталмағанын мәлімдеді.

Трамппен жұмыс істегенге дейін Миллер республикашыл сенатор Джефф Сешнстің көмекшісі болған. Ол миллиондаған заңсыз мигрантқа азаматтық алуға жол ашуы мүмкін көші-қон реформасының қабылдануына қарсы шығуда Сешнске көмектескен. 2016 жылы Миллер Трамптың сайлауалды науқанына арналған сөздерді жазып, сайлаудан кейін оның кеңесшісі болды.

Трамптың екі президенттік мерзімінің арасындағы кезеңде Миллер консервативтік бағыттағы America First Legal заңгерлік ұйымының негізін қалаушылардың бірі болды. Трамптың екінші мерзімі кезінде ол АҚШ-тың көші-қон және кеден қызметінің (ICE) рейдтерін жиілетіп, мигранттарды көбірек ұстауға күш салды. Reuters-тің хабарлауынша, 2025 жылғы мамырда Миллер тәулігіне 3 мың адамға дейін ұстауға рұқсат еткен.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG