Accessibility links

Трамп Тоқаевты Майамидегі "Үлкен жетілік" саммитіне шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі өкілдер палатасы мүшелерімен. Астана, 25 тамыз 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі өкілдер палатасы мүшелерімен. Астана, 25 тамыз 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа “ізгі тілегін” жолдап, желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырды. Америка президентінің сәлемін Тоқаевқа АҚШ Конгресі өкілдер палатасының бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смит жеткізді деп хабарлады Ақорда. 25 тамызда Тоқаев Астанада Конгресс өкілдерін қабылдады.

АҚШ Конгресі өкілдер палатасы делегациясының құрамында Смиттен бөлек, конрессмендер Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейс болған.

“Бүгін түнгі екіде маған президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң сізбен кездесетінімді айттым. Ол сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктив қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар президент сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты” деді Джейсон Смит. Оның сөзінен Ақорда үзінді келтіреді.

Оның сөзінше, сапардың мақсаты “АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу”.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу кезінде Қазақстан басшысы америкалық делегация өкілдеріне "жаңа Конституциядағы негізгі аспектілер" туралы айтқан.

Одан бөлек, “сан қырлы қазақ-америка серіктестігі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа баса мән бере отырып, қарқынды дамып келе жатқанына” тоқталған. Бұған қоса, “Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін” жеткізген.

"Көпжақты форматта да жемісті ынтымақтастық орнады. Мұның айқын дәлелі – Қазақстан Американың жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайту бастамаларына, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі мен Ибраһим келісімдеріне қолдау білдірді" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

АҚШ Конгресінің сайтында әзірге, бұл кездесу жөнінде ақпарат жоқ. Конгресмендердің желідегі аккаунттарында да кездесу жөнінде ештеңе айтылмайды.

Айдар
XS
SM
MD
LG