10 қазанда Ақ үй маңында журналистердің сұрақтарына жауап берген АҚШ басшысы Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасағаны үшін сынады. Трамптың айтуынша, соққының салдарынан дизель отыны қымбаттаған. Ол Зеленскийді сонымен бірге соғысты аяқтағысы келмейді деп те айыптады.
“[Украинаға] келісім жасай алатын жаңа басшы табуға кеңес бергенмін. Ол көп келісім жасай алған болар еді, бірақ қандай да бір себептен ешқашан жасаған емес” деді Трамп.
Трамп сонымен бірге Вашингтон Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққыны доғаруды сұрағанын растады.
“Зеленскийге “не істегің келсе, соны істе, бірақ дизель отынына соққы жасамашы” дедік. Ал ол не істеп жатыр? Алады да, дизель отынына соққы жасайды. Ол барлығын істей алады, бірақ сол нәрсені істей алмайды” деді Трамп.
Мұның алдында 9 қазанда Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенін, "мазмұнды әңгіме" болғанын айтқан. Телефон әңгіме барысында олар Ресейдің дизель отынын халықаралық нарыққа тасымалдауға келіскен. Трамптың сөзінше, Путин 300 мың тонна жанармайды бірден жеткізбек. Кезең-кезеңмен жалпы жиынтығы 5 млн тоннаға жуық жанармай тасымалдайды.
Ізінше АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің дизель отынын халықаралық нарыққа тасымалдауға рұқсат беретін лицензия шығарды.
Зеленский АҚШ-тың шешімін сынап, санкцияны жұмсарту Ресейге соғысты жалғастыруға қосымша ресурс береді деп мәлімдеді.
"Биыл Ресей майдан шебінде әлсіз. Сол себепті Путин террорға сүйеніп отыр. Сол себепті соғысқа көбірек уақыт пен мүмкіндік алу үшін, Ресейге қысымды азайту үшін кулуар артындағы келісімдерге иек артып отыр" деген еді Зеленский.