Accessibility links

Трамп: Зеленский Ресеймен келісім жасауы керек

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина ұсынылған шарттарға келісіп, соғысты тоқтатуы керек дегенді айтты.

«Ол [Зеленский] келісімге келуге дайын болуы керек, себебі менің ойымша, оның халқы енді бұған шыдамайды» деді Трамп. Оның сөзінен AFP үзінді келтіреді.

«Ресей - алып күш. Тек алға жылжып келеді. Ресейдің үлкен аумақты басып алғаны рас» деді Трамп.

Соңғы апталарда Киев пен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас салқындады. Бұған Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен дизель отынын халықаралық нарыққа жеткізу туралы келісімге келу үшін Мәскеуге салынған кейбір санкцияны жеңілдетуі себеп болды.

Трамп сонымен бірге Зеленскийді Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылы үшін сынап, оны соғысты аяқтауға ұмтылмай отыр деп айыптады.

Владимир Зеленский АҚШ-ты аса маңызды барлау ақпаратын қасақана жасырды және әскери көмекті кешіктіріп жатыр деп айыптаған еді. Дүйсенбі күні ол Ресейдің жаппай зымыран соққысы туралы алдын ала ешқандай ескерту түспегенін айтты.

20 қазанда Ослода Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен келіссөз өткізгеннен кейін Зеленский АҚШ-қа барлау ақпараттарымен алмасуды қайта жандандырғаны үшін және Ресейдің баллистикалық зымыран соққылары жөнінде алдын ала ескерткені үшін алғыс білдірді. Зеленский Украина Ресейден жеңіліп жатқан жоқ деді. Алайда Украина азаматтарынан айырылып жатқанын алға тартып, сол себепті украин билігі бейбітшілікке қол жеткізуге ұмтылады деді.

АҚШ жетекшілік етіп отырған, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең қанды қақтығысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық тапыныстар соңғы айларда айтарлықтай баяулады. Бұған Вашингтонның басты назарды Иранмен соғысқа бұруы әсер етті.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG