АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Тегеранмен атысты тоқтату туралы келісімге жексенбі күні қол қоятынын мәлімдеді. Оның сөзінше, қол қойылғаннан кейін Ормуз бұғазы бірден ашылады.
Оның сөзінше, келісімге қол қойылғаннан кейін Иранның жоғары байытылған ураны жойылады деп үміттенетінін жеткізді.
"Қолайлы сәт келген кезде біз барып, тауға көмілген ядролық шаңды жинап, [...] Иранда немесе АҚШ-та жойып жібереміз.Иранмен және бүкіл Таяу Шығыспен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатамыз деп ойлаймыз" деп жазды Трамп. Ол Иран енді күш қолдануға итермелемейтін шығар деді.
Меморандум шартына сәйкес, Иран – Ормуз бұғазын, ал АҚШ ирандық порттарды ашады. АҚШ Иранның жоғары байытылған уранын жоюға басымдық беріп отыр. Аталған құжатқа қол қойылғаннан кейін 60 күндік келіссөз кезеңі басталады. Онда елден ядролық материалды әкету және тасымалдау тетіктері талқыланып бекітіледі.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бұған дейін АҚШ-пен атысты тоқтату туралы келісімге келуге аз қалды деп айтқан. Аракчиге сүйенген Иранның ақпарат құралдарының жазуынша, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңесте ұсынысты қолдайтындар да, оған қарсылар да бар.
Аракчидің сөзінше, ұжымдық шешім әлі қабылданған жоқ.
"Бізге әзірге керегі күту. Келісім мақұлданған жағдайда оған қашықтан қол қойылады" деді ол.
Бұған дейін тараптар сәуір айында атысты тоқтату туралы келіссе де, АҚШ пен Иран ауық-ауық бір-біріне соққы жасап келеді.
- АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға әуе шабуылдарын бастаған, негізгі мақсаты – Тегеранның ядролық және зымыран әлеуетін жоюды көздейді. Иранның көптеген басшылары қаза тапты.
- Иран Парсы шығанағы елдеріне шабуыл жасап, әлемдік энергетикалық нарық үшін маңызы зор Ормуз бұғазын жауып тастады. Соның салдарынан әлемдік нарықта мұнай мен газ бағасы шарықтап кетті.