Accessibility links

Трамптың ұлдары қазақ кенішінен пайда көре ме? New York Times зерттеуі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп суреттерінен коллаж.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп суреттерінен коллаж.

Америкалық New York Times газеті Қазақстандағы миллиардтаған долларлық вольфрам жобасына қатысты "Трамп миллиард долларлық тау-кен келісімін жасады. Оның ұлдары бұдан пайда көруі мүмкін" дейтін зерттеу жариялады. Ақ үй Трамп әкімшілігінің шешімдері тек америкалықтардың ұлттық және экономикалық мүддесіне негізделетінін мәлімдеді. Латник министр қызметіне кіріспес бұрын компаниядағы үлесін сатып жібергенін айтты, ал Трамптың ұлдары Қазақстанмен мәмілеге қатыспағанын хабарлады. Азаттық осы зерттеудегі негізгі деректерді қысқаша ұсынады.

ПРЕЗИДЕНТ ПЕН МИНИСТРДІҢ ҰЛДАРЫ

Былтыр қыркүйекте Нью-Йорктегі St. Regis қонақүйінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сауда министрі Ховард Латникпен кездесті. New York Times-тың жазуынша, осы келіссөз кезінде Дональд Трамп телефонмен байланысқа шығып, Қазақстандағы вольфрам жобасы бойынша соңғы келіссөздерге өзі араласқан. Кейін Трамп әкімшілігі жобаны жүзеге асыратын "Kaz Resources" компаниясына 1,6 миллиард долларға дейін мемлекеттік қаржыландыру бөлуге алдын ала келісім берген.

АҚШ бұл жоба арқылы зымыран, жойғыш ұшақ пен компьютер чиптерін өндіруге қажет стратегиялық вольфрам қорына қол жеткізуді көздейді. New York Times мәліметінше, осы келісімнен кейін Трамп пен Латниктің ұлдары жобаға қатысы бар корпоративтік құрылымдар арқылы қаржылық мүддеге ие болған.

АҚШ сауда министрі Xовард Латник, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. 6 қараша, 2025 жыл.
АҚШ сауда министрі Xовард Латник, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. 6 қараша, 2025 жыл.

New York Times-тың жазуынша, Трамп пен Латниктің екінші әкімшілігі кезінде мемлекеттік саясат пен олардың отбасының бизнес мүдделері қатар жүрген жағдайлар көбейген.

Нью-Йорктегі кездесуден бірнеше апта өткен соң Трамптың үлкен ұлдары — кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп ішінара иелік ететін "Dominari Securities" компаниясы Қазақстандағы жобамен байланысты корпоративтік құрылымның 20 пайыз үлесін сатып алған. Бұл инвестиция туралы ақпарат сол кезде жария етілмеген, оны кейін журналистер корпоративтік құжаттар арқылы анықтаған.

Сонымен қатар сауда министрі Латниктің ұлдары Брэндон мен Кайл Латник басқаратын "Cantor Fitzgerald" инвестициялық компаниясы да осы келісімге қатысы бар серіктестердің біріне 210 миллион доллар инвестиция тартуға көмектескен. Мұндай мәмілелер үшін компаниялар әдетте миллиондаған доллар көлемінде комиссиялық сыйақы алады.

Яғни, министр Латник Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқан кезде, оның ұлдары басқаратын компания осы жобаға қатысы бар серіктестерге қаржы тартумен айналысқан деп жазады басылым.

Трамптың ұлдары бұл жобаға инвестиция салу үшін бірнеше корпоративтік құрылымды пайдаланған. Алдымен олар банкротқа ұшыраған, бірақ Nasdaq биржасында тіркелген "Skyline Builders" атты бұрынғы жол құрылысы компаниясын сатып алған инвесторлар тобына қосылған. Кейін осы биржалық компания арқылы Қазақстандағы вольфрам жобасын жүзеге асыратын корпоративтік құрылымның 20 пайыздық үлесі 20 миллион долларға сатып алынған.

Сөйтіп бұрын жол құрылысына маманданған компания тау-кен жобасының инвесторына айналады.

"СОҒЫС МЕТАЛЫ"

New York Times назар аударған негізгі жайттардың бірі — осы компанияны биржаға шығару жоспары. Сәуір айында инвесторлар кері бірігу тетігі арқылы "Kaz Resources" компаниясын Nasdaq биржасына шығаруды жоспарлайтынын айтқан. Бұл тәсіл инвесторларға Қазақстанда вольфрам өндірісі басталмай тұрып-ақ компания акцияларын сатып алып, кейін олардың бағасы өскен жағдайда пайда табуға мүмкіндік береді. АҚШ үкіметінің мұндай жобаларды қолдауы акция бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.

Бұл бастапқы кезеңде инвестиция салған тұлғаларға, соның ішінде Трамптың ұлдары қатысқан құрылымдарға үлестерін тиімді бағада сатуға мүмкіндік береді.

Журналист Пол Сонн Қазақстанның Қарағанды облысындағы Үңірек ауылына барып, жоба жүзеге асатын аумақты өз көзімен көрген. Қазір мұнда небәрі 407 адам тұрады. Ауыл маңындағы суға толған алып шұңқырлар мен кеңестік жұмысшылар кентінің қаңырап қалған ғимараттары — Совет одағы кезінде қырғи-қабақ соғыс жылдарында вольфрам іздеу үшін жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының ізі. Одақ тарағаннан кейін бұл кен орнын игеру тоқтап қалған. Мақалада бұл жобаға қытайлық инвесторлардың да қызығушылық танытқаны айтылған.

Басылым АҚШ-тың бұл металға неліктен ерекше мән беріп отырғанын да түсіндіреді. Вольфрам — зымырандар, жойғыш ұшақтар, компьютер чиптері және басқа да стратегиялық маңызды өнімдер өндірісінде қолданылатын металл. Сондықтан оны кейде "соғыс металы" деп те атайды.

Қазір әлемдік вольфрам нарығында Қытай басымдыққа ие. Пекин вольфрам мен басқа да маңызды минералдардың экспортына шектеу енгізгеннен кейін, бір жыл ішінде әлемдік нарықтағы баға шамамен алты есе өскен. Ал АҚШ-тағы соңғы жұмыс істеген вольфрам кеніші шамамен он жыл бұрын жабылған. Сондықтан Трамп әкімшілігі Қытайға тәуелдікті азайту мақсатында Қазақстандағы кен орындарына ерекше қызығушылық танытып отыр.

АҚ ҮЙ: ТРАМПТЫҢ ОЙЛАҒАНЫ — "АМЕРИКА ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІ"

New York Times жолдаған сауалға жауап берген Ақ үй Трамп әкімшілігінің шешімдері "тек Америка халқының мүддесіне" негізделетінін мәлімдеді. Ақ үйдің өкілі Куш Десай "Американың маңызды жеткізу тізбегін қорғау және елге қайтару — президент Трамптың басты басымдықтарының бірі, сондай-ақ министр Латник пен әкімшіліктің басқа да мүшелері Американың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тарихи шаралар қабылдауды жалғастырып жатыр" деді.

Трамптың инаугурациясына қатысып тұрған оның отбасы мүшелері: Тиффани Трамп, Лара Трамп, Эрик Трамп, Джаред Кушнер, Иванка Трамп және кіші Дональд Трамп. Вашингтон, 20 қаңтар, 2020 жыл.
Трамптың инаугурациясына қатысып тұрған оның отбасы мүшелері: Тиффани Трамп, Лара Трамп, Эрик Трамп, Джаред Кушнер, Иванка Трамп және кіші Дональд Трамп. Вашингтон, 20 қаңтар, 2020 жыл.

Сауда министрлігі Ховард Латник те, министрлік қызметкерлері де "Cantor Fitzgerald" компаниясымен сирек металдар саласына қатысты ешқандай келіссөз жүргізбегенін мәлімдеді. Министрлік сонымен бірге Латниктің министр қызметіне кіріспес бұрын компаниядағы өз үлесін сатқанын айтты.

Ал Дональд Трамптың ұлдары Эрик пен кіші Дональд Трамп бұл мәміленің егжей-тегжейіне қатыспағанын айтты. Эрик Трамп өзін "үнемі ешқандай менеджер рөлін атқармайтын пассив инвестормын" деп сипаттады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАҢЫЗЫ

Қазақстандық шенеуніктер бұл жобаны елдің халықаралық маңызын арттыратын мүмкіндік деп бағалайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Олжас Әлібековтің газетке айтуынша, Қазақстан АҚШ маңызды деп санайтын 60 шикізат түрінің 25-ін өндіруге және өңдеуге қауқарлы.

Ал "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мемлекеттік тау-кен компаниясының "Kaz Resources" жобасына серіктес екенін растап, "Қазақстан өзін әлемдік сирек және стратегиялық металдар нарығындағы маңызды ойыншы ретінде танытып келеді" деген.

Журналистердің есебінше, Үңірек кен орнындағы вольфрам қорының жалпы құны 80 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Жобаны жүзеге асырып жатқан компанияның директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Пини Альтхаустың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңіне шамамен 650 миллион доллар, ал толық іске асуына жалпы 1,1 миллиард доллар инвестиция қажет.

Компанияның жоспары бойынша, кеніш жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өндіреді. Бұл АҚШ-тың қазіргі бір жылдық импорт көлеміне шамалас. Келісімге сәйкес, америкалық компанияның жобадағы үлесі — 70 пайыз болса, Қазақстанның мемлекеттік тау-кен компаниясы 30 пайыз үлеске ие.

New York Times зерттеген федералдық құжаттарға сәйкес, Трамп пен Латник отбасыларының тек Қазақстандағы жобаға ғана емес, АҚШ үкіметімен жұмыс істейтін кемінде 14 тау-кен компаниясымен қаржылық байланыстары бар. Басылым мәліметінше, бұл компаниялардың барлығы дерлік не Трамп әкімшілігі ұсынған мемлекеттік қаржы алған, не қаржыландыру немесе рұқсат беру жөніндегі өтінімдерінің қаралуын күтіп отыр. Ашық деректерге сәйкес, бұл жобаларға бөлінген немесе қаралып жатқан мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 8,9 миллиард доллардан асады.

"КӨКТЕН ЖІБЕРІЛГЕН АДАМ"

28 маусымда, New York Times "Қазақстан басшысы АҚШ-пен байланысын нығайтып жатыр. Ол Трампты "көктен жіберілген адам" деді" атты тағы бір мақала жариялады (Былтыр қарашада Вашингтонда өткен АҚШ—Орталық Азия саммитінде Тоқаев Дональд Трампқа мадақ айтып, оны "көктен жіберілген адам" деген). Басылым мақалада Қазақстан кейінгі жылдары Ресей мен Қытайдың ықпалын теңестіру үшін АҚШ-пен экономикалық және саяси байланыстарын күшейтіп жатқанын жазады.

Трамптың екінші әкімшілігі тұсында Астана америкалық компаниялармен жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын 29 келісімге қол қойған. Қазақстандағы Америка сауда палатасының президенті Джефф Эрлихтің айтуынша, екі ел арасындағы іскерлік байланыс бұрын-соңды мұншалықты жоғары деңгейге жетпеген.

Солардың бірі — Трамптың ұлдары қатысы бар компаниялармен байланысы анықталған Қазақстандағы вольфрам жобасы. АҚШ сенаторы Джон Оссофф демократтар Конгрессті бақылауға алса, осы мәміле мен Трамптың ұлдарының оған қатысы мүдделер қайшылығы ретінде тексерілуі мүмкін екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, осы жобаға қатысы бар адамдар Конгрессте ант беріп жауап беруі мүмкін.

Әзірге АҚШ үкіметі уәде еткен 1,6 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік қаржыландыру ресми түрде бөлінген жоқ. Себебі жоба әлі қосымша келісу рәсімдерінен өтіп жатыр. Компания қазір кен орнын игерудің техникалық-экономикалық негіздемесін аяқтап жатыр. Оны америкалық мемлекеттік органдар қарап, бағалауға тиіс.

Алайда бұл жоба аясында кейбір компания табыс көріп үлгерген. Федералдық құжаттарға сәйкес, Трамптың ұлдары қатысатын "Dominari Securities" пен Латник отбасы басқаратын "Cantor Fitzgerald" компаниялары мәмілелерге қатысқан серіктестер үшін капитал тартқаны үшін комиссиялық сыйақы алған.

Айдар
XS
SM
MD
LG