Accessibility links

Трамп пен Зеленский не айтты? Екі президенттің телефон әңгімесі


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің суреттерінен коллаж.

АҚШ президентінің әкімшілігі Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон әңгімесінің жазбасын жариялады. Трамп әңгіме барысында Зеленскийден келесі жылы өтетін АҚШ президенті сайлауына үміткер ретінде қатысуы ықтимал Джо Байденнің ұлына байланысты тексеру жүргізуді талап еткен деген күдік қыркүйектің 24-і күні АҚШ конгресінің импичмент рәсімін бастауына себеп болды.

Азаттық радиосы Ақ үй жариялаған құжаттың аудармасын ұсынады

Бұл құжат президент Трамптың бұйрығымен 2019 жылғы қарашаның 24-і күні жарияланды.

ТЕЛЕФОН ӘҢГІМЕСІНІҢ МЕМОРАНДУМЫ
Тақырыбы: Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы әңгіме
Қатысушылар: Украина президенті Владимир Зеленский
Әңгіме Ақ үйдің ситуациялық бөлмесінде жазылған
Күні, уақыты және орны: 25 шілде 2019 жыл, солтүстікамерикалық шығыс уақыты бойынша сағат 9:03,
резиденция
Ескерту: Телефон әңгімесінің бұл меморандумы сөзбе-сөз аударма болып саналмайды. Құжат мәтіні атқаратын қызмет міндеттеріне сай ситуациялық бөлмедегі телефон әңгімесін тыңдап, жазып алған АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі мүшелері мен қызметкерлерінің жадында сақтағаны мен жазбалары негізінде түзілді. Жазбаның дәлдігіне телефон байланысы сапасының нашарлығы, аударма қиындығы мен/немесе акцент ерекшелігі сияқты әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мәтінде телефон әңгімесінің дұрыс естілмеген тұстарына "анық емес" деген белгі қойылған.

Трамп: Ірі жеңісіңізбен құттықтаймын. Сіздің қандай тамаша жұмыс атқарғаныңызды АҚШ-та барлығымыз көріп отырмыз. Көлеңкеден шығып, мүмкіндіктің аздығына қарамастан, оңай жеңіске жеттіңіз. Бұл - таңғаларлық жетістік. Құттықтаймын.

Зеленский: Дұрыс айтасыз, президент мырза. Біз шынымен көп күш салып, ірі жеңіске жеттік. Көп еңбек еттік. Бірақ сізден үйренген тұстарым да болғанын айта кетуді жөн көремін. Сізден біліп, үйренген кей нәрселерді өзіміздегі сайлауға үлгі ретінде қолдандық. Шынында да, бұл сайлау мүлде басқаша болды. Біз ерекше жағдайда айрықша жеңіске жеттік. Мына бір жайтты айтқым келеді: Сіз алғаш рет президент сайлауындағы жеңісіммен құттықтау үшін хабарласқансыз; ал екінші рет менің партиям парламент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін хабарласып отырсыз. Бәлкім сізбен телефон арқылы жиі сөйлесу үшін маған сайлауға жиі қатысып тұру керек шығар?

Трамп: [күліп] Жақсы идея. Еліңізге де ұнайтын шығар.

Зеленский: Шынымды айтсам, «украина батпағын» құрғату үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз. Көп адамды жаңа қызметке тарттық. Баяғы кездегідей әдеттегі саясаткерлер емес. Біз жаңа кейіптегі жаңа үкімет құрғымыз келеді. Бұл тұста да сіз бізге жақсы ұстаз бола аласыз.

Трамп: Мұндай жылы лебіз естігеніме қуаныштымын. Украина үшін көп нәрсе жасап жатқанымызды айтқым келеді. Бұл іске көп күш пен уақыт жұмсап отырмыз. Еуропа елдеріне қарағанда сіздерге біздің жасап жатқанымыз әлдеқайда көп. Олар қолынан келетін көмектің бәрін беріп отырған жоқ. Германия Украина үшін ештеңе істемей отыр деуге болады. Сөзден аспайды. Оларға осы мәселені қоюларыңыз керек. Ангела Меркельмен сөйлескенмін. Ол да Украина жайлы айтады, бірақ ештеңе істемейді. Еуропа өзге елдерінің көбі де сондай. Соған назар аударыңыздар. Алайда АҚШ Украина үшін өте көп нәрсе істеп отыр, өте көп. Бұл қарым-қатынасымыз жауапсыз қалды дей алмаймын, себебі кейбір жағымсыз жайттар да бар. Бірақ АҚШ Украина үшін аса көп жақсылық жасап отыр.

Зеленский: Өте дұрыс айтасыз. Тіпті 100 пайыз емес, 1000 пайыз деуге болады. Ангела Меркельмен кездесіп, сөйлестім. Макронмен кездескен кезде де, санкцияларға байланысты шамасы келетіннен аз нәрсе істеліп жатқанын айттым. Олар санкциялардың орындалуына күш салмай отыр. Украинаның игілігіне шама-шарқы жететіндей жұмыс істеп жатқан жоқ. Қисынға салсақ, біздің ең ірі әріптесіміз Еуропа одағы болуы керек еді, ал техникалық тұрғыда АҚШ сондай ел болып отыр. Сол үшін сізге өте разымын, себебі АҚШ Украина үшін аса көп нәрсе жасап отыр. Әсіресе Ресейге қарсы санкциялар жайлы айтар болсақ, Еуропаның істегенінен көп артық. Қорғаныс саласындағы елеулі көмегіңіз үшін де алғысымды айтқым келеді. Біз әріптестігімізді жалғастыруға дайынбыз, оның ішінде АҚШ-тан қорғаныс мақсатында "Джавелиндердің» тағы бір партиясын сатып алу ниетіміз бар.

Трамп: Сізге бір өтінішім бар, өйткені біздің еліміз көп сынақтан өтті, Украина мұны жақсы біледі. Украинаға қатысты әлгі бір оқиғалардың не болғанын анықтап бере аласыз ба? CrowdStrike туралы айтып жүр ғой... Менің түсінуімше, сіздердің бай адамдарыңыз бірі… Сервер Украинада орналасқан дейді. Көп жағдай болды, бұл оқиғаның бәрі… Меніңше, сол адамдардың кейбірі сіздің маңайыңызда сияқты. Біздің бас прокурор сізге немесе сіздің адамдарыңызға хабарласып, болған жайды анықтаса деймін. Өзіңіз кеше көргендей, бұл астан-кестеннің барлығы Роберт Мюллер деген кісінің өте сапасыз жұмысымен аяқталды, біліксіз атқарылған жұмыс болды. Осының көбі Украинада басталған деген сөз бар. Қолыңыздан келгенді жасауыңызды сұраймын, бұл - өте маңызды.

CrowdStrike компаниясы Калифорнияда орналасқан. 2017 жылы Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Дональд Трамп оны украиналық фирма деп атаған. Дональд Трамптың төңірегіндегілердің бір болжамы бойынша, Федералдық тергеу бюросы мен компьютер қауіпсіздігімен айналысатын CrowdStrike Демократиялық партия штабының әлдебір серверіне қол жеткізе алмаған. Онда партия серверіне 2016 жылғы сайлауалды науқан кезінде бұзып кіргені туралы құнды ақпарат сақталған. Шын мәнінде Федералдық тергеу бюросы мен CrowdStrike ешқандай құпия сервер болмағанын, ресейлік хакерлер Демократиялық партия ұлттық комитетінің серверін бұзғанын мәлімдеген.

Зеленский: Иә, мен үшін сіз қазір айтқан мәселе өте маңызды. Президент ретінде бұл мәселені аса маңызды деп есептеймін және ынтымақтастыққа әзір екенімізді айтқым келеді. Біз АҚШ пен Украина әріптестігінің жаңа бетін бастауға дайынбыз. Сондай мақсатпен АҚШ-тағы елшімізді кері шақырып алдым. Оның орнына екі елдің жақын қарым-қатынасы үшін қолдан келгеннің бәрін істей алатын білікті, тәжірибелі елші барады. Ол сіздің сеніміңізге ие болып, біздің әріптестігімізді нығайту үшін жеке қарым-қатынас орнатады деп үміттенемін. Көмекшілерімнің бірі осы қазір Джулиани мырзамен сөйлескенін сізге айтуды жөн көріп отырмын. Джулиани мырза Украинаға келеді деп үміттенеміз. Осында келген бойда онымен кездесеміз. Сізге достық пейілде екенімізді айтып, сендіргім келеді. Маңайыма өз ісін жетік білетін ең тәжірибелі мамандарды жинауға тырысамын. Сонымен бірге мен сізге дос екенімізді жеткізсем деймін. Біз өте жақсы достармыз. Және де, президент мырза, Украинада достарыңыз көп. Сондықтан біз стратегиялық әріптестігімізді жалғастыра аламыз. Төңірегіме тәжірибелі адамдарды жинасам деймін, және де бұл тексеруге қосымша, Украина президенті ретінде мен барлық тексерулер ашық әрі әділ өтетіндігіне кепілдік беремін. Бұған сізді сендіре аламын.

Трамп: Жақсы, сіздің өте жақсы прокурорыңыз болған, бірақ оны қызметінен кетуге мәжбүр еткен және бұл әділетсіз болған деп естідім. Оны қызметтен кетуге мәжбүр еткені және сіздерде бұған жаман адамдардың араласқаны туралы көп адам айтып жүр. Джулиани мырза өте сыйлы кісі. Ол Нью-Йорктің мэрі болған және тамаша мэр болды. Оның сізге хабарласқанын қалаймын. Мен оған және бас прокурорға сізге хабарлассын деп айтамын. Руди не болып жатқанын жақсы біледі және өте қабылетті. Онымен сөйлесуге мүмкіндік тапсаңыз жақсы болар еді. АҚШ-тың [Украинадағы] бұрынғы елшісі болған әйел өте нашар кісі еді. Онымен Украинада жұмыс істеген адамдар да өте нашар болатын, мұны білгеніңізді қалаймын. Тағы бір жайт: Байденнің ұлы туралы көп айтып жүр. Байден [оның] сот ісін тоқтатқан деген дерек бар. Көп адам осы жайтты анықтағысы келеді. Сол себепті бас прокурормен бір нәрсе жасай алсаңыз жақсы болар еді. Байден істі тоқтатқанын айтып мақтанған. Сондықтан осыған [іске] назар аудара алсаңыз… Менің ойымша, бұл сұмдық нәрсе.

Хантер Байден "Бурисма" мұнай компаниясында істеген кезде оның әкесі Джо Байден АҚШ-тың вице-президенті қызметінде және Украинамен қарым-қатынасқа жауапты болған. Бір болжам бойынша, 2016 жылы "Бурисмаға" қатысты жемқорлыққа қарсы тергеу бастаған Украина бас прокуроры Виктор Шокиннің қызметтен кетуіне Джо Байден ықпал жасаған. Тағы бір долбар бойынша, ол тергеу Шокин қызметтен кетпей тұрып еш нәтижесіз аяқталған. Байденнің өзі Шокинді жемқорлыққа қарсы күресті нашар жүргізгендіктен отставкаға жіберуді сұрадым дейді.
Зеленский: Сізге прокурор туралы айтқым келеді. Ең әуелі, мен бәрін білемін және жағдайды түсініп отырмын. Біз парламентте басым дауысқа ие болғандықтан, келесі бас прокурор 100 пайыз өз адамым, менің кандидатым болады. Оны парламент бекіткен соң қыркүйек айынан бастап жаңа бас прокурор ретінде жұмысқа кіріседі. Ол бұл жағдайға, оның ішінде осыған дейін сіз атаған компанияға назар аударады. Бұл істі тексеру мәселесі, шындығында әділдіктің қалпына келетініне көз жеткізу дегенді білдіреді. Сондықтан біз бұған көңіл бөліп, істі зерттеуді қолға аламыз. Одан бөлек, бұл іске қатысты қосымша ақпаратыңыз болса бізге беруіңізді сұраймын. Бұл елімізде әділдік орнатуға, тексеру жүргізуге пайдалы болар еді. АҚШ-тың Украинадағы елшісіне келсек, ұмытпасам, оның аты Йованович болатын. Оның нашар елші болғанын бірінші болып өзіңіз айтқаныңыз дұрыс болды. Сізбен жүз пайыз келісемін. Ол маған қырын қарап, алдыңғы президентті жақсы көретін, соны жақтайтын. Ол мені жаңа президент ретінде жылы қабылдамас еді.
Йовановичтің Украинадағы миссиясы ресми түрде мамырдың 20-сы күні, Украина президенті сайлауының екінші турынан кейін бір айдан соң аяқталды.

Трамп: Оған әлі біраз сынақтан өтуге тура келеді. Мен Джулиани мырза мен бас прокурор Баррдан сізге хабарласуын өтінемін. Сөйтіп мәселенің жай-жапсарын анықтаймыз. Сіз бәрінің анық-қанығына жетеді деп сенемін. Әлгі прокурор өте әділ болған, бірақ оған нашар қараған деп естідім. Сондықтан ісіңіз сәтті болсын. Украина экономикасы гүлдене берсін. Сіздерде актив көп. Бұл – ұлы ел. Украиналық достарым көп, тамаша адамдар.

Зеленский: Менің де АҚШ-та тұратын достарым аз емес. Соңғы рет АҚШ-та болғанымда, Нью-Йорктің орталық саябағына жақын маңдағы Трамп мұнарасына түстім. Достарыммен сөйлесемін, оларды жақын арада көремін деп үміттенемін. АҚШ-қа, әсіресе Вашингтонға шақырғаныңызға рақмет айтпақшымын. Бұл іске барынша салмақты қарап, зерттеуге тырысамыз деп сендіргім келеді. Экономика туралы айтсақ, екі елдің әлуеті зор. Украина үшін маңызды мәселенің бірі – энергетикалық тәуелсіздік. Энергетикалық тәуелсіздік саласында АҚШ-пен әріптестік жемісін береді деп ойлаймын. Біз бұл салада қазірдің өзінде ынтымақтастық орнатып үлгердік. Біз АҚШ мұнайын сатып аламыз. Болашақтағы кездесуге үміт артамын. Сонда бір-бірімізді жақын танып, өзара әріптестігімізді талқылауға жеткілікті уақыт пен мүмкіндік болар еді. Қолдауыңызға рақмет.

Трамп: Жақсы. Сізге де алғысымды айтамын. Руди мен бас прокурор Баррға сізге хабарлассын деп айтармын. Рақмет. Ақ үйге келгіңіз келсе, хабарласыңыз. Бізге күнін айтсаңыз, бәрін ұйымдастыруға тырысамыз. Сізбен көрісуге ынтықпын.

Зеленский: Көп рақмет. Қуана-қуана келемін. Сізбен жүздесіп, жақын танысатын кездесуімізді асыға күтемін. Сонымен бірге сізді де Украинаға шақырамын. Киев - әдемі қала. Сізді құшақ жая қарсы алатын тамаша еліміз бар. Әйткенмен қыркүйекте екеуміз де Польшаға барамыз деген ойдамын, сол кезде кездесуге мүмкіндік туады деп үміттенемін. Осыдан кейін Украинаға келсеңіз жақсы болар еді. Украинаға менің ұшағыммен қайтсақ болады. Немесе сіздің ұшағыңызбен, ол менікінен әлдеқайда жақсы шығар.

Трамп: Жақсы, бұған қатысты жұмыс істей аламыз. Сізбен Вашингтонда және де екеуміз бір мезгілде баратын Польшада қуана кездесер едім.

Зеленский: Көп рақмет, президент мырза.

Трамп: Атқарған жұмысыңыздың тамаша нәтижесімен құттықтаймын. Бүкіл әлемнің назары сізде болды. Қынжылған сәтіңіз де болған шығар, дегенмен құттықтаймын.

Зеленский: Рақмет, президент мырза. Сау болыңыз.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG