Accessibility links

Трамп Гренландияға көз тікті. Еуропа алаңдаулы. Жағдайды қысқа-нұсқа түсіндіреміз

Гренландия астанасы Нуук қаласы.
Гренландия астанасы Нуук қаласы.

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосуға бел шеше кірісіп, "кері шегінбейтінін" мәлімдеді. Ол Гренландияны АҚШ алмаса Ресей мен Қытайдан төнетін қауіп артады деп отыр. Данияның автономды аймағы саналатын Грендандияға Трамптың көз тіккені Еуропа елдерін алаңдатып отыр. Арктикадағы арал төңірегіндегі жағдайды түсіндірейік.

ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?

Дональд Трамп екінші рет президент болып сайланған уақытта Гренландияны АҚШ-қа қосу туралы айта бастаған еді (Бірінші мерзімде де бұл идеяны ұсынған). Вице-президент Джей Ди Вэнс те былтыр Гренландияға барып қайтқан. Бірақ Трамп әкімшілігі Украина мен Газадағы соғыс, Венесуэладағы жағдайға көп көңіл бөліп, Трамптың Гренландия жайлы мәлімдемелері азайған. 2026 жылы ол аралды АҚШ-қа қосу туралы мәлімдемелерін қайта күшейтіп, Гренландияны әскери жолмен де алу жайлы айтып қалды.

19 қаңтарда Трамп "Уақыт келді және біз мұны жүзеге асырамыз" деп жазды. Кейін НАТО бас хатшысы Марк Рюттеге телефон арқылы "Гренландия Америка мен әлемнің қауіпсіздігі үшін бірінші орында екенін", "сол қауіпсіздікті тек АҚШ қамтамасыз ете алатынын", "артқа шегінбейтінін" айтқан.

Трамп Гренландияны қолдап отырған Еуропа елдеріне тарифты өсіретінін де мәлімдеді.

Бұған қоса, Трамп қаңтардың басында "Бізге Гренландия керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Стратегиялық маңызы зор. Дәл қазір Гренландияда Ресей мен Қытай кемелері өріп жүр. Бізге Гренландия ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан керек және Дания оның [қауіпсіздігін] қамтамасыз ете алмайды" деген еді.

ГРЕНЛАНДИЯ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

Гренландия Арктикадағы жылдам дамып келе жатқан Солтүстік-Батыс өткелі мен Солтүстік теңіз жолының ортасында жатыр. Бұған қоса, Гренландия НАТО, Ресей және Қытайдың әскери-теңіз флоты үшін маңызды "Фарер-Исланд шебінің" (Ағылшынша "GIUK gap" деп атайды, яғни, Greenland—Iceland—United Kingdom сөздерінен қысқартылған) үстінде орналасқан.

Гренландия картасы. Екі жақта көрсетілген сызықтар -сауда жолдары. Ал Исландия мен Гренландия маңындағы қысқа сызықтар - Фарер-Исланд шебі.
Гренландия картасы. Екі жақта көрсетілген сызықтар -сауда жолдары. Ал Исландия мен Гренландия маңындағы қысқа сызықтар - Фарер-Исланд шебі.

60 мыңдай адам тұратын Гренландияның жер қойнауы пайдалы қазбаға да толы. Бірақ аралдың басым бөлігі қалың тұздың астында жатқандықтан пайдалы қазбаларды қазу үшін тиісті инфрақұрылым керек.

ГРЕНЛАНДИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Кейінгі күндері Дания мен Гренландияда он мыңдаған адам АҚШ-қа қарсы наразылыққа шығып жатыр. Гренландияның премьері Йенс-Фредерик Нильсен дат және инуит тілінде мәлімдеме жариялап, АҚШ-тың жоспарына қарсы наразылықтар "екі халықтың бірлігі" деді.

Бұған қоса, ол "Гренландиялықтар өздері шешім қабылдауға құқылы. АҚШ-тың кейінгі мәлімдемелері, тариф туралы сесі ештеңе өзгертпейді. Біз өзімізге қысым жасауға жол бермейміз" дейді.

Дания астанасы Копенгагендегі Гренландияны қолдау акциясы. 17 қаңтар 2026 жыл.
Дания астанасы Копенгагендегі Гренландияны қолдау акциясы. 17 қаңтар 2026 жыл.

Кейінгі аптада жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, Гренландия халқының басым бөлігі АҚШ-қа қосылуға қарсылық білдірген.

Бұл арал 18-ғасырдан бері Данияның автономиялық аймағы саналады. Бірақ өзінің басқару жүйесі бар. Гренландиядағы өмір сүру сапасы да жоғары.

"Бізге АҚШ пен Данияны таңдау керек болса, біз сөзсіз Данияны таңдаймыз" деген еді премьер Нильсен өткен аптада Дания астанасы Копенгагендегі баспасөз мәслихатында.

ЕУРОПАНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Ұлыбритания премьері Кир Стармер "АҚШ-тың жақын одақтасы болып қала береміз, бірақ Лондон ортақ құндылықтарды қорғайды" деді.

Германия канцлері Фридрих Мерц "Керек болса, біз өзіміздің, еуропалықтардың мүддесін қорғаймыз. Еуропа елдері біздің өз арамыздағы ірі державаның шантажына түспейді" деп мәлімдеді.

Гренландия маңында жүрген Данияның P572 HDMS Lauge Koch патруль қайығы. 15 қаңтар 2026 жыл.
Гренландия маңында жүрген Данияның P572 HDMS Lauge Koch патруль қайығы. 15 қаңтар 2026 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон 20 қаңтарда Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форумда Трамптың жоспарын уәж айтты. Бірақ ол Трампты тікелей сынамаса да, әлемде қалыптасқан ережелер жойылып, тек күштінің сөзі жүрген заман тууы мүмкін деп алаңдайтынын айтты. Ол одақтастарын "анағұрлым қуатты әрі тәуелсіз Еуропа" құру жолында бірлесе әрекет етуге үндеп, НАТО ұйымын сынға алды. "Альянстың қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді" деді Франция президенті.

22 қаңтарда Еуропа лидерлері "Гренландия мәселесін" және АҚШ тарифті өсірген жағдайда қалай жауап беретінін талқыламақ.

Трамп сес көрсетіп жатқан тұста НАТО альянсына қауіп төнгені де айтылып жатыр. Себебі АҚШ та, Дания да, Еуропа елдері де НАТО-ның құрамында.

Гренландияға талас: Трамптың есебі және Еуропаның алаңы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:35 0:00
XS
SM
MD
LG