Accessibility links

Церебралды сал ауруы бар алматылық шәкірт АҚШ-тағы Беркли университетіне оқуға түсті

Мансұр-Сойор Досанов (Қазақстанның оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жариялаған сурет)
Мансұр-Сойор Досанов (Қазақстанның оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жариялаған сурет)

Алматылық Мансұр-Сойор Досанов АҚШ-тағы Беркли унвиерситетіне математика және физика бағыты бойынша оқуға қабылданған. Мұндай хабарды Қазақстанның оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратты.️

Министрлік ақпаратында бала күнінен церебралды сал ауруы диагнозымен өмір сүріп жатқан Мансұр АҚШ университіне оқуға түсуге 2023 жылдан бастап дайындалғаны айтылған. Талапкер жас SAT халықаралық емтиханының қорытындысы бойынша, 1600 мүмкін балдың 1530-ын жинаған. Бұған қоса Мансұр ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханынан 8.5 балл алған.

Бұл жетістік – көпжылғы қажырлы еңбектің, үздіксіз оқу мен тәртіптің, сондай-ақ өзін-өзі дамыту жолындағы тұрақты жұмыстың жемісі, соның арқасында Мансұр білім алып, алға қойған мақсатына ұмтылып, қиындықтарды жеңе білді, деп жазды жергілікті басылымдар.

Ата-анасы ұлын әр кезеңде қолдап, оның дамуына барлық жағдайды жасаған, ал Мансұрдың жетістігі инклюзивті білім беруді дамытудың және әр баланың өз әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, дейді оқу-ағарту министрлігі.

Беркли университеті (немесе Калифорния университеті, Беркли, ағылшынша атауы - University of California, Berkeley) — 1868 жылы негізі қаланған АҚШ-тағы ең беделді университеттердің бірі. Ол әлемдегі ең үздік ғылыми және академиялық зерттеу орталықтарының бірі ретінде танымал.

2025 жылғы наурызда баспасөзде жарияланған дерекке сәйкес, Қазақстанда церебралды сал ауруы (ЦСА/ДЦП) диагнозы қойылған 18 мыңнан астам бала тіркелген. Жалпы ел бойынша мүгедектігі бар бала саны 90 мыңнан асады, соның ішінде ең көп таралған диагноздардың бірі ретінде церебралды сал ауруы көрсетілген.

Қазақстан заңдарына сәйкес, мұндай диагноз қойылған балаларға жәрдемақы, тегін ем-дом, оңалту және арнайы техникалық құралдар қарастырылған. Ата-аналарға мүгедектік және күтім бойынша ай сайын мемлекеттен жәрдем ақша беріледі.

Алайда негізгі мәселе — оңалту орталықтары мен мамандар тапшылығы болып отыр. Мемлекеттік орталықтарда кезек ұзақ, ал өңірлерде реабилитолог, логопед тәрізді мамандар жетіспейді. Көп отбасы ақылы емге жүгінуге мәжбүр. Бұған қоса әлеуметтік портал арқылы берілетін арбалар мен ортопедиялық құралдардың сапасына жиі сын айтылады. Мектептер мен балабақшалардың көбінде ЦСА бар балаларға жағдай жасалмағандықтан, олардың бір бөлігі үйде оқиды.

Ата-аналар инфрақұрылым жетіспеушілігі мен қаржы ауыртпалығы да басты проблема болып отырғанын айтады. Ғимараттардағы пандус пен лифтілер көбіне талапқа сай емес, ал мемлекет беретін жәрдемақы ем-дом мен оңалту шығындарын өтеуге жетпейді, дейді олар.

Айдар
XS
SM
MD
LG