Accessibility links

Цой коронавирустан кісі өлімінің неге күрт артқанын түсіндірді


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 28 шілде 2021 жыл.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 28 шілде 2021 жыл.

Коронавирус инфекциясынан кісі өлімінің артуына дельта-штамның таралуы себеп. Бұл жөнінде Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

— Былтырмен салыстырғанда биыл екі есе көп ауырып жатыр, бәрінің түсіндірмесі – осы. Дельта-штамм адам ағзасында әлдеқайда ауыр өтеді. Бұл тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай, — деді 28 шілдеде өткен брифингте Азаттық сауалына жауап берген Цой.

Оның айтуынша, ауру ауыр өткендердің көбі — созылмалы дерті барлар және вакцина алмағандар.

— Өкінішке қарай, негізінен созылмалы ауруы барлар жұқтырып жатыр. 99,9 пайызы – вакцина алмаған азаматтар. Мұны тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, соның ішінде вакциналау да бар. Вакцина алмаған адамдардың қатты ауырып, қайтыс болып жатқанын халыққа жеткізу керек, — деді министр.

Оның айтуынша, ресми статистикада тек Covid-тен қайтыс болғандар көрсетіледі, оған коронавирус инфекциясын жұқтырып, бірақ қосымша аурудан көз жұмғандар кірмейді.

— Тікелей коронавирус инфекциясымен байланысты аурудан [болған өлімдер ғана] енгізіледі. Тамыздан бастап коронавирус пен болжалды жағдайларды бір-бірінен нақты бөліп классификация жасай бастадық. Есеп электрондық базаға енгізіледі, аймақтардан күн сайын объективті статисиканы алып отырамыз, — деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, "былтырмен салыстырғанда биыл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ біраз ауырлаған". Былтыр індет ең қатты өршіген тұста тәулігіне 2 мыңдай жаңа науқас тіркеліп отырса, қазір дельта-штамм кесірінен бұдан үш есе көп шығып жатыр деді шенеунік.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, астанадағы коронавирус стационары ашылған қонақүйде төсек санын арттыру көзделіп отыр. Алматыда қонақүйлерді қолдану әзірше жоспарда жоқ, себебі денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, "Алматы-Арена" спорт кешенінің мүмкіндігі жетіп қалуы тиіс.

Коронавируспен ауырғандар көрсеткіші күн сайын рекорд жаңартып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 26 шілдеде коронавирус инфекциясы мен соған ұқсас "пневмониядан" 92 адам көз жұмған. Бір тәулік ішінде 6 925 адам вирус жұқтырып, тіркеуге алынған.

Індет басталғалы бері 549 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 60 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5 619 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3660 адамның өліміне себеп болған.

Қазір 89 058 адам осы дерттен емделіп жатыр. 1500 науқастың халі ауыр, 319-ының халі өте ауыр, 160 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG