Accessibility links

"Маған түрің ұнамайды". Шенеунік сөзі журналистердің шамына тиді


Шу облысы басшысы Туйгуналы Абдраимов. Қырғызстан, 6 маусым 2019 жыл.

Қырғызстанның Шу облысы басшысы Туйгуналы Абдраимовтың қоғамдық маңызы бар мәселе жайлы сұрақ қойған журналистің "түрін ұнатпайтыны" жайлы айтқан сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Шенеуніктің қылығын "этикаға қайшы" деп қабылдап, оны қызметтен кетуге шақырғандар көбейіп жатыр.

Маусымның 6-ы күні Шу облыстық әкімшілігі ғимаратында БАҚ өкілдерімен кездесуде Қырғызстан үкіметінің осы облыстағы өкілетті өкілі (облыс басшысы - ред.) Туйгуналы Абдраимов содан бір күн бұрын қоғамдық маңызы бар мәселе туралы сұрақ қойған журналиске айтқан жауабы үшін өкінбейтінін мәлімдеді. Шенеунік осы кездесуге келген кей журналистерді "ақша алып, әдейі арандату үшін келгендер" деп кінәлады.

Туйгуналы Абдраимов сәрсенбі күні Шу облысы Сокулук ауданындағы Төменгі Орок ауылына жергілікті тұрғындардың дүрлігуіне себеп болған жанжалға байланысты барған. Жасөспірім балалар арасындағы кикілжіңнің соңы тәртіпсіздікке ұласып, бірнеше үйдің терезесі шағылып, жеке қорадағы шөп өртенген ауылда сол күні милицияның қалың күші, ішкі істер министрі мен жергілікті билік өкілдері де жүрген.

Туйгуналы Абдраимов жанжал болған ауылдағы жағдай жайлы сұхбат беріп тұрып, Қырғызстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірінен өзгелерге жауап беруден бас тартқан болатын. Оның себебін сұраған бір журналиске "маған түрің ұнамайды" деп жауап қатып, өз сөзіне өзі күлген шенеунік туралы видео сол күні көпшілікке тарап кеткен.

​Шу облысы басшысынан әлгіндей сөз естіген журналист пікір білдіруді қаламады. Алайда Қырғызстандағы өзге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әріптесіне қолдау білдіріп, Туйгуналы Абдраимовтың қылығын сөкті. Журналистер әлеуметтік желіде өз суреттерін "Маған өз келбетім ұнайды, бірақ қазіргі биліктің бейнесі ұнамайды" деген жазумен бірге жариялауға кірісті.

Шенеунікті "мемлекеттік қызметші этикасынан мақұрым" деп сөккен белсенділер оны қызметтен кетуге шақырды. Әлеуметтік желі қолданушылары компьютерлік бағдарламаның көмегімен бет-әлпеті "опа-далаппен боялған" Туйгуналы Абдраимовтың суреттерін тарата бастады. Тіпті кей ақындар оған кішігірім эпиграмма арнады.

Маусымның 6-сы күні бір топ журналист пен белсенді үкіметтің Шу облысындағы өкілінің кеңсесіне Абдраимовтан тілшінің ар-намысына тиетін сөзіне байланысты түсініктеме беруін талап етіп барды. Әуелгіде кабинетінен біршама уақыт шықпай қойған шенеунік кейін БАҚ өкілдерімен кездесуге келісті.

Шу облысы басшысы Туйгуналы Абдраимовтың БАҚ өкілдері және белсенділермен кездесуі (6 маусым 2019 жыл).

Кездесуде Туйгуналы Абдраимов өзіне "келбеті ұнамаған" журналистен кешірім сұрамайтынын айтты.

"Иә, оның өңі маған ұнамайтынын айттым. Оған менің түрім ұнамайды. Өмір солай. Кешірім сұрамаймын. Ол менімен дөрекі сөйлесті, мен тиісінше жауап бердім" деді шенеунік.

Журналистер мен белсенділер сұрақтарына он минуттай уақыт жауап бергеннен кейін залдан асығыс шығып бара жатқан басшының соңынан "Масқара! Масқара!" деп айғайлады.

"Қандай қызмет атқаратынына қарамастан, шенеунік олай істемеуі тиіс. Орок ауылында күрделі жағдай екені түсінікті, әйтсе де, ол өзін сыпайы ұстап, кешіріңіздер, қазір бос емеспін деп түсіндіруі керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы кезде шенеуніктер осындай қылық танытатын болып жүр, ақпаратты қаласа береді, қаламаса - бермейді" дейді 24.kg басылымы тілшісі Татьяна Кудрявцева.

Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев оқиғаны зерттеп, қарамағындағы шенеуніктің іс-әрекетіне баға беретін болады деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG