24 қыркүйекте Астананың әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты Қазақстаннан пана сұрап, өтініші қабылданбаған ресейлік белсенді Юлия Емельянованың шағымын қарады. Сот белсендіге пана бермеу туралы бұған дейінгі инстанцияларда шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде "Азаттық Азияға" адвокат Ескендір Әлімбаев хабарлады.
«Кассациялық шағым қайта қаралды, босқын мәртебесінен бас тарту туралы шешім күшінде қалдырылды» деді Әлімбаев.
Ол кассациялық соттың шешімімен келіспейтінін жеткізді. Адвокат Жоғарғы сотқа шағымданасыз ба деген сұраққа "иә" деп жауап берді. Бірақ оның сөзінше, бұл экстрадицияны тоқтата алмауы мүмкін, оны кез келген уақытта Ресейге жіберуі мүмкін дейді қорғаушысы.
Ресей түрмесінде қаза болған белгілі оппозиционер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі Юлия Емельянова былтыр жазда Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталған. Қазақстан соттары белсендіге пана беруден бас тартып, оны экстрадициялауды мақұлдаған. Бұл шешімге келіспеген белсендінің қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп, ол бойынша шешім шыққанға дейін экстрадиция тоқтатылған.
Ресейде оған қарсы ұрлық бабы бойынша іс қозғалған. Тергеушілердің айтуынша, ол "таксистен құны 12 мың рубль (143 доллар) тұратын ұялы телефонды ұрлаған". Құқық қорғаушылар іс қолдан ұйымдастырылған деп санайды. Олардың сөзінше, Емельянова ресейлік саяси тұтқындарға көмектескен. Оны билік сол үшін жазалағысы келеді деп санайды. Олардың сөзінше, Емельянова "ұрлады" деген телефонды белсенді алғаш рет полиция бөлімінде көрген.
Шешен азаматы Мансур Мовлаевтың да жағдайы осыған ұқсас. Ол да қазір экстрадициялық қамаумен Алматыда изоляторда отыр. Жуырда ол өзіне екі рет қол салмақ болған. Қазақстан оған пана беруден бас тартты. Құқық қорғаушылар оны кез келген уақытта Ресейге экстрадциялауы мүмкін деп қауіптенеді.