Accessibility links

Түркиядағы зілзала: үйінді астында екі тәулік жатқан 70-тегі адам құтқарылды


Измирдегі жер сілкінісінен соң қираған ғимаратта жұмыс істеп жатқан адамдар. Измир, Түркия. 30 қазан, 2020.
Измирдегі жер сілкінісінен соң қираған ғимаратта жұмыс істеп жатқан адамдар. Измир, Түркия. 30 қазан, 2020.

Түркияның Измир қаласында болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 51-ге жетті. Мұны Түркияның вице-президенті Фуат Октай хабарлады. "Анадолу" агенттігінің хабарлауынша, құлаған сегіз ғимаратта екі мыңға жуық құтқарушы жұмыс іздеп, тірі қалғандарды әлі іздеп жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджаның айтуынша, Измирде болған жер сілкінісінен зардап шеккен 896 кісі ауруханаларға жеткізілген.

"1 қарашаның таңындағы мәлімет бойынша, аурухадан 682 адам шығарылды. Қазір 214 кісі ем қабылдап жатыр, олардың сегізі жансақтау бөлімінде. Үш кісінің жағдайы өте ауыр" деді министр.

1 қарашада құтқарушылар Измирдегі құлаған ғимарат үйінділерінің астынан 70 жастағы қарияны шығарды. Бұл қирандылар астынан тағы да тірі адамдар табылып қалар деген үмітті оятты.

Түркия денсаулық сақтау министрінің айтуынша, құтқарылған Ахмет Ситим өзін құтқаратынынан "бір сәт те үмітін үзбеген".

Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарымен күресу басқармасының (AFAD) мәліметі бойынша, жергілікті уақыт бойынша 1 қарашадағы таңғы 7-ге дейін Измирдегі жер сілкінісінің соңынан болған 812 афтершок тіркелген, оның 40-ының магнитудасы төрт балдан асқан.

30 қазанда Эгей теңізінде магнитудасы 6,9 балдық күшті жер сілкінісі болды. Бұл теңіз табаны мен Кипрдың мәртебесіне қатысты дүрдараз болып отырған Түркия және Грекия үкіметтерін біріктірді. Теңіз жағалауында болған жер сілкісінінен ғимараттар қирап, аздаған цунами көтерілген. Оқиғадан 900-ден аса кісі зардап шекті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG