Accessibility links

Ердоған егер жеңілсе. Батыс пен Путин Түркиядағы сайлауға не себепті алаңдайды?


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Астанада. 13 қазан 2022 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Астанада. 13 қазан 2022 жыл.

Түркияны 20 жылға жуық басқарған президент Режеп Тайып Ердоған алдағы сайлауда Батыс елдерімен қарым-қатынасты нығайтуды қолдайтын қарсыласынан жеңілуі мүмкін. Сарапшылар Владимир Путин Ердоғанның жеңілгенін қаламайды дейді.

Өткен айда Ресей президенті Владимир Путин Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, НАТО-ға мүше әріптесін бейбіт мақсаттағы алғашқы ядролық жобасының басталуымен құттықтады.

"Росатом" корпорациясының жетекшілігімен салынған "Аккую" атом станциясының құрылысына 20 миллиард доллар кеткен. Бұл Ердоған мен Путин арасында жылдар бойы қалыптасқан энергетика және экономика салаларындағы байланыстардың беріктігін дәлелдейді.

Атом станциясының ашылу салтанатына Путиннің қашықтан қатысуы Мәскеудің шетелдегі ықпалын көрсету үшін ғана емес, қиын жағдайда қалған авторитар әріптесін қолдау үшін де маңызды болды.

27 сәуірдегі атом электр станциясының ашылу салтанаты 14 мамырға жоспарланған Түркиядағы президент сайлауына үш аптадан аз уақыт қалғанда өтіп отыр. Биылғы сайлау Ердоған үшін ауыр сынақ болғалы тұр. Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалар елдегі экономикалық мәселелерге байланысты Ердоғанның қарсыласы, солшыл көзқарастағы Республикалық халық партиясының басшысы Кемаль Қылышдароғлы басымдыққа ие екенін көрсетеді.

Путин Мәскеу, Киев, Вашингтон мен Брюссельге әсер ететін сайлаудан қандай нәтиже күтетінін астарлап жеткізді.

"Түркияда алғашқы атом электр станциясын салу… нөлден бастап жаңа, алдыңғы қатарлы өндірістік технология орнату – президент Ердоғанның еліне, түрік халқына, экономиканы көтеруге көп еңбегі сіңгенін дәлелдейді. Алдыңызға үлкен мақсат қойып, оны жүзеге асыра алатын қабілетіңізді ерекше атап өткім келеді" деді Путин Түркиядағы жалпыхалықтық трансляция кезінде.

Путиннің жағымпаздануы – 69 жастағы авторитар басшы Ердоғанды қолдаудың амалы. Түркия басшысының Батысқа қарсы риторикасы Мәскеудің мүддесіне жұмыс істеп, НАТО-ға іріткі салып, Ресейге қарсы салынған санкцияларды бұзды.

Былтыр жазда Ресей "Росатомның" Түркиядағы филиалына құрылыс жұмыстары үшін мерзімінен бұрын миллиардтаған доллар жіберді. Сарапшылардың сөзінше, бұл түрік лирасын қолдау үшін жасалған.

Сайлауда бұрын ұлттық әлеуметтік қамсыздандыру агенттігін басқарған бюрократ, 74 жастағы Қылышдароғлы жеңіске жетсе, Путиннің Ердоғанға құйған инвестициясы ақталмауы да мүмкін.

Қылышдароғлы елдің Еуропамен және АҚШ-пен қарым-қатынасын қалпына келтіруге уәде берді. Ердоған саяси қуғын-сүргін жүргізіп, Сирия мен Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға араласып, Батыспен байланысын нашарлатып алған еді. Түркияда билік ауысса, Швецияның НАТО-ға кіруі жеделдеуі мүмкін. Қазір бұған Ресей қарсы болып отыр.

Кемаль Қылышдароғлы
Кемаль Қылышдароғлы

– Ердоған сайлауда жеңілсе, Путиннің берекесі қашады. Оның Қылышдароғлын айналшықтап, соның астына көпшік қоюдан басқа амалы қалмайды. Путин жаңа президент Батыс елдерімен жақын болатынын біледі. Бірақ оны Ресейден қатты алшақтамауға көндіруге тырысады, – деді Джордж Мейсон университетінің саясаттану профессоры, Ресейдің Таяу Шығыспен қарым-қатынасын зерттейтін Марк Кац.

Вашингтон мен Брюссель Ердоған мен Путин сияқты тұлғалардың билікке келуінен о бастан қауіптенген. Өйткені олар билікке келгелі Орталық және Шығыс Еуропада коммунизм құлағалы қол жеткен бірқатар плюралистік прогреске нүкте қойылды.

– Ердоғанның жеңілісі әлемдегі демократиялық күштер мықты екенін көрсетеді. Бұл Путин бастаған ғаламдық популистік авторитаризмге соққы болар еді, – дейді Нью-Йорктегі халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің Таяу Шығыс пен Африканы зерттеумен айналысатын аға ғылыми қызметкері Стивен Кук.

Сарапшы Ердоған тұсында демократиялық институттар әлсірегенімен, Түркиядағы жағдай толық бақылаудан шыға қойған жоқ деп есептейді.

Путин Совет Одағынан тыс мемлекет басшыларының арасынан Ердоғанмен көп кездесті. 2003 жылы Путиннің алғашқы президенттік мерзімі кезінде Ердоған Түркияның премьер-министрі болды. Содан бері екеуі жақсы тіл табысып, "бауырластық ілтипат" (броманс) деп аталатын қарым-қатынасқа көшті.

Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Кейде Путин мен Ердоғанның арасында келіспеушіліктер болып тұратын. 2015 жылы Түркия мен Сирияның шекарасында түріктің жойғыш ұшақтары Ресейдің әскери ұшағын атып түсіргенде, Путин мұны "ту сыртымыздан пышақ ұрды" деп қабылдады. Одан кейін де біраз саяси мәселеде, әсіресе Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты қайшылықтар болған. Анкара Киевке ұшқышсыз басқарылатын дрондар жіберіп отыр. Бірақ Ресей мен Түркияға ортақ бір нәрсе – екеуі де Батыс елдерінің басымдығына негізделген ғаламдық тәртіп пен ондағы кей құндылықтарға қарсы.

– Екеуі де әлемге өкпелі, басқалар өзін жеткілікті құрметтемейді деп ойлайтын, Батыс елдеріне шағымы көп держава көшбасшылары. Ердоған мен Путин осы жерде тіл табысып отыр. Екеуінің арасында қандай алауыздық болса да, Ердоған да, Путин де Батысқа қарсы болып тұрғанда, олардың ортақ әңгімесі таусылмайды, – дейді Марк Кац.

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, алты партиядан тұратын альянстың қолдауына ие болып отырған Қылышдароғлы Ердоғаннан алда келе жатыр. Сайлауға түсіп жатқан төрт кандидаттың бірде-бірі 50 пайыздан астам дауыс жинамаса, 28 мамырда дауыс берудің екінші кезеңі өтеді.

2000-жылдары премьер-министр қызметін атқарған кезінде Ердоған елдегі экономикалық өрлеуге байланысты ең беделді тұлғалардың бірі болды. Бірақ кейінгі жылдары қыспаққа алған қымбатшылық пен өмір сүру деңгейінің төмендеуінен Ердоғанның жұлдызы сөне бастады.

КҮРДЕЛІ ҚАТЫНАСТАР

Ол баспасөз еркіндігін шектеп, сот сияқты мемлекеттік институттарды әлсіретіп, сарапшылар "агрессиялы" деп атайтын тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп, Путинге жақындау арқылы Вашингтонмен және Брюссельмен қарым-қатынасын қиындатып жіберді.

Ердоған 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеген әрекетке АҚШ-та тұратын діни қайраткерді айыптап, Путинмен С-400 зенит зымыраны кешенін сатып алу туралы келісімге қол қойды. Осыдан кейін АҚШ Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне санкция салды.

АҚШ Ресей мен Түркия арасындағы құны 2,5 миллиард доллар болатын келісімге қарсы шықты. Вашингтон Ресейдің қару-жарағы Мәскеуге F-35 жойғыш ұшағы туралы барлау деректерін жинауға көмектеседі дейді.

Сарапшылардың сөзінше, Ердоған АҚШ санкция салады деп күтпеген. Бірақ беделіне нұсқан келсе де, С-400 кешенін сатып алудан бас тарта алмаған.

Кейінгі жылдары Ердоғанның Еуроодақпен қарым-қатынасы да қиындап барады. Анкара Түркияның Ливияға интервенциясына байланысты Франциямен, Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі энергетикалық ресурстар мен теңіз шекарасы үшін Грекиямен және Кипрмен келіспей қалған.

Жақында Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына қарсы шығып, Скандинавия елдерін күрд "террористік ұйымдарын" паналатып отыр деп айыптады. Түркия наурыздың аяғында Финляндияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін қолдады, бірақ Швецияның одаққа қосылуына қарсылық білдіріп келеді.

Қылышдароғлы Түркиядағы заң үстемдігін қалпына келтіріп, елді парламенттік басқару жүйесіне қайтаруға, АҚШ-пен С-400 мәселесін шешуге уәде берді. Сарапшылар Түркияда билік ауысса, Швецияның НАТО-ға қосылуына кедергі қалмайды дейді.

РЕСЕЙДІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҒЫ

Батыс елдерінің көңілін қалдырса да, Ердоған Мәскеу мен Киевті Украинаның Қара теңіз арқылы бидай тасымалдауына мүмкіндік беретін келісім жасауға көндірді. Ресей Украина экономикасын қиын жағдайда қалдыру үшін оның теңіз порттарын бұғаттап, әлемдік бидай бағасын көтеріп жіберді.

Куктың сөзінше, Ердоғанның жеңілісі осы келісім бұзылмай ма деген қауіпті күшейтеді. Келісімшарт мерзімі сайлаудан бірнеше күннен кейін аяқталады.

– Бидай келісімін сақтап қалу қиындау болады, өйткені бұл – Путин мен Ердоғанның арасындағы сенімге негізделген келісім. Ықпалды тұлғалар туралы айтқанда олардың жақындығын дұрыс бағаламаймыз, – дейді Кук.

Қылышдароғлы "дауысы бәсең, Ердоғанның тартымдылығы жетпейтін технократ" деп сипатталады.

Ресей Украинаға басып кіргелі Ердоған қылкөпірдің үстінде жүр. Ол Мәскеудің әрекетін "дұрыс емес" деп бағалап, Украинаға ұшқышсыз басқарылатын аппарат жіберіп отырғанымен, Мәскеумен байланысын үзген жоқ. Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесіп, қажет тауарларды жеткізіп отырған елдер қатарында Түркия да бар.

Сарапшылар Қылышдароғлы жеңіске жетсе де, Түркия Ресей мен Украина арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады, Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесе береді дейді.

Өйткені Түркия экономикасы Ресейдің инвестициясы мен энергетикалық ресурстарына тәуелді. Қазір Түркия экономикасы қиын кезеңнен өтіп жатыр. Сондықтан инфляция, энергетикалық өнімдердің қымбаттауы сияқты сыртқы факторлар елге қатты әсер етеді.

Түркия өзіне қажет табиғи газдың 45 пайызын, мұнай мен көмірдің едәуір бөлігін Ресейден алады. Жаңадан қалыптасып келе жатқан атом өнеркәсібі де Ресейдің отынына қарап отыр.

Путин былтыр Ресейге қарсы санкция салынған соң, Еуропаға баратын энергетика ресурстары ағынын азайтуға тырысты.

Батыс санкциялары Түркияны Ресей туристері мен кәсіпорындары үшін тартымды мекенге айналдырды. Олар елге қаржы мен инвестиция әкеліп жатыр. Былтырдан бастап қос мемлекет арасындағы сауда көлемі ұлғайды.

"ЕРТЕГІДЕГІДЕЙ БОЛМАЙДЫ"

Вашингтондағы Брукингс институтының ғылыми қызметкері Аслы Айдынтасбастың айтуынша, Қылышдароғлы сайлаудағы жеңісінен кейін Еуропаға көңіл бөлгенімен, Путинді де жайына қалдырмайды.

– Ерте ме, кеш пе Путинге Ресей мен Түркияның мүддесіне қауіп төндіре алмайтынын айтады. Мәселе Путин бұған қалай қарайтынында, – деді ол.

Сарапшы Түркияның Ресеймен байланысы берік болып қалса да, АҚШ-пен қазіргі қарым-қатынасты түзетуге заң үстемдігін қалпына келтіру сияқты қарапайым прогрестердің өзі оң әсер етеді деп сенеді.

– Бұл екіжақты қарым-қатынастардағы кей келіспеушіліктерді алып тастауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Бірақ кей кедергілер қалады. Бұл жаңа басшы тұсында Ресей мен Түркия қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік бермейді.

Бұл пікірге Кук та қосылады.

– Сайлау қалай аяқталса да, АҚШ пен Түркия арасында ертегідегідей ғажайып болады деп күтудің қажеті жоқ, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG