Accessibility links

Стамбулдағы түнгі клубта 39 адамды өлтірді деген күдікті ұсталды


Стамбулдағы Reina клубына шабуыл жасады деген күдіктінің суреті.
Стамбулдағы Reina клубына шабуыл жасады деген күдіктінің суреті.

Түркияның Стамбул қаласында Жаңа жылдың алғашқы күні түнгі клубта 39 адамды атып өлтірді деген күдікті ұсталды. Түркиялық БАҚ ақпараттарына қарағанда, ұсталған адам – Өзбекстан азаматы.

Стамбулда Жаңа жылдың алғашқы күні түнгі клубта жүрген 39 адамды өлтірді деген күдікті осы қаланың Есенюрт ауданында ұсталды. Түркиялық БАҚ ақпараттарына қарағанда, ұсталған адам – Өзбекстан азаматы.

Қаңтардың 1-і күні Стамбулдағы Reina клубына қарумен кірген қылмыскер 39 адамды атып тастаған еді. Күдікті ретінде Өзбекстан азаматының ұсталғанын Түркия ақпарат құралдары қаңтардың 17-сі күні хабарлады.

Шабуыл жасалған Reina клубын күзетіп тұрған түрік арнайы жасағы. Стамбул, 2 қаңтар 2017 жыл.
Шабуыл жасалған Reina клубын күзетіп тұрған түрік арнайы жасағы. Стамбул, 2 қаңтар 2017 жыл.

Түркияда шығатын Hurriyet газеті ер адамның Өзбекстан азаматы екенін, полиция оны қырғызстандық досының атына тіркелген үйден ұстағанын жазды. NTV телеарнасы оның ұсталар кезде полицияға қарсылық көрсеткенін хабарлады.

Reina түнгі клубына жасалған шабуылды «Ислам мемлекеті» (ДАИШ – ред.) террорлық ұйымы мойнына алып, террорлық әрекетті «Түркияның Сириядағы соғысқа араласқаны үшін алынған кек» деп атаған болатын.

Hurriyet газеті мен Түркиядағы басқа да ақпарат құралдары «ұсталған күдікті - Өзбекстан азаматы Абдулкадир Машарипов» деп жазады. Баспаөз ақпаратына қарағанда, Машариповтің жанында төрт жасар баласы болған және полиция онымен бірге кем дегенде төрт адамды ұстаған, олардың арасында бір қырғызстандық азамат та бар.

NTV-дің хабарлауынша, полиция күдіктіні төрт-бес күн бұрын тапқан, бірақ ұстау әрекетін оның кімдермен байланысы бар екенін бақылау үшін шегеріп келген. Полиция ақпаратына қарағанда, Машариповтің Сирия мен Иракта соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» (ДАИШ – ред.) террорлық ұйымымен байланысы бар, оның лақап аты «Әбу Мухаммад Хорасани» болған.

Полиция күдіктінің суретінде жариялады. Онда Машариповтің беті көгерген, соққы іздері байқалады.

Reina түнгі клубына шабуыл жасады деген күдікпен ұсталған адамның Түркия полициясы таратқан суреті.
Reina түнгі клубына шабуыл жасады деген күдікпен ұсталған адамның Түркия полициясы таратқан суреті.

Қаңтардың 1-і Reina түнгі клубына кірген қылмыскер ондағы адамдарға оқ жаудырған. Билік таратқан ақпаратқа қарағанда, ол автомат қаруды бірнеше рет қайта оқтап, жерде жатқан жаралыларды атқан. Бұл шабуылдан Түркия, бірнеше араб елдері, Үндістан мен Канада азаматтары қаза тапты.

Түркиялық БАҚ полицияның басқа да бірнеше террористік топты ұстау операциясын жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымын кейінгі жылдары Түркия аумағында кем дегенде алты террорлық шабуыл жасады деп айыптайды. Мәселен, соның бірі - 2015 жылдың қазан айында Анкара қаласында өткен бейбіт шеруге шабуыл. Ол жолы 100-ден аса адам қаза тапқан еді.

XS
SM
MD
LG