Accessibility links

Түркістан облысында журналист Амангелді Батырбеков екі айға қамалды

Журналист Амангелді Батырбеков сот залында тұр. Түркістан облысы Келес ауданы. 6 қараша 2024 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков сот залында тұр. Түркістан облысы Келес ауданы. 6 қараша 2024 жыл.

20 күндік әкімшілік қамаудан кейін журналист Амангелді Батырбеков тағы екі айға қамалды. Бұл жөнінде 23 қазанда журналистің өзі Facebook желісінде жазды. Жазбада журналист 22 қазанда Сарыағаш аудандық сотының шешімімен қылмыстық бап бойынша өзін қамағанын хабарлады.

Журналистің қамалғанын “Әділ сөз” баспасөз қорғау ұйымы да азаматтық белсенді Тортуыл Шоқанға сүйене отырып жазды.

“Сарыағаш-Информ” басылымының бас редакторы Амангелді Батырбеков бұған дейін жала жабу бабымен айыпталып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаннан кейін тағы екі айға қамалды. Бұл туралы блогер әрі азаматтық белсенді Тортуыл Шоқан әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның мәліметінше, Батырбеков 23 қазанда бостандыққа шығуы керек болған. Алайда екі айға қамауға алынған. Жаңа шешімнің ресми себебі жазбада айтылмаған. Жазба авторы журналистің екі рет қамауға алынуын оның «Сенсация деуге әлі ерте немесе Құрал Сейітханды неге ұстады?» атты видеоматериалымен байланыстырады” деп жазылған ұйымның хабарламасында.

“Әділ сөздің” жазуынша, қазан айының басында Сарыағаш әкімшілік соты “Жала жабу” (73-3 бап) бойынша айыпталған Амангелді Батырбековты 20 тәулікке қамаған. Бұған Сарыағаш аудандық полиция басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасарының рапорты негіз болған. Журналист бұл істің белсенді Құрал Сейітханұлы туралы материалдарына байланысты қозғалғанын мәлімдеген.

“Қазіргі уақытта қолда бар материалдарда Батырбековтің жаңа іс бойынша процестік мәртебесі, оған тағылған айып пен екі айға қамауға алу негізі туралы толық ақпарат жоқ” дейді баспасөз қорғау ұйымы.

Қоғамдағы түрлі заңсыздықтар туралы жазып, мәселе қозғап жүрген белсенділердің бірі Құрал Сейітханұлы қыркүйектің басында"дербес деректі әшкереледі" деген айыппен үш жыл түрмеге кесілген еді. Бұған дейін жақтастары Құрал Сейітханұлы жариялаған мәліметтің құпия емес екенін, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат екенін айтқан еді. Ал оны сотқа берген блогер мұнымен келіспейді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG