Accessibility links

Түркістанда психдиспансерге заңсыз қамалдым деген белсенді фельдшердің соты басталды

Түркістандық бұрынғы фельдшер Мұхаммад Өмірбек (жеке архивіндегі фото)
Түркістандық бұрынғы фельдшер Мұхаммад Өмірбек (жеке архивіндегі фото)

Түркістан қалалық ауданаралық сотында жергілікті тұрғын, бұрынғы фельдшер Мұхаммад Өмірбектің шағымы бойынша сот процесі басталды. Ол өзін психиатриялық орталыққа заңсыз қамап, негізсіз "сандырақ" диагнозын қойды деп есептейді.

17 маусымда бұл іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өткенін Азаттық радиосына талапкердің заңды өкілі Амангелді Батырбеков пен адвокаты Дана Ақәділқызы растады. Мұхаммад Өмірбек өзіне қойылған психиатриялық диагнозды заңсыз деп танып, есептен шығаруды және құқық қорғау мен медицина саласы мамандарының іс-әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

Былтыр қараша айында астаналық фельдшер Ұлдана Мырзуан қызмет бабымен жүргенде қаза тапқан . Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше өңірінде медицина қызметкерлері өздерінің еңбек жағдайы нашар және жалақы аз екенін айтып, наразылық білдірген. Сол кезде Түркістан тұрғыны Мұхаммад Өмірбек WhatsApp желісінде мыңға жуық әріптесі қосылған арнайы чат ашқан. Өз айтуынша, топта тек фельдшерлер мәселесі заң аясында талқыланған, заңсыз іс-әрекетке үндеу болмаған. Алайда көп ұзамай оған үйіне полиция келіп, чатты жабуды талап еткен. Өмірбек талапты орындаудан бас тартқан соң, оны былтыр 5 желтоқсанда "түсініктеме алуға" полиция бөліміне алып кеткен. Артынша жігіт Шымкенттегі психикалық саулық орталығына жеткізілген.

Мұхаммад Өмірбек орталықта алдымен 48 сағат бақылауда болғанын, ол мерзім өткен соң дәрігерлермен әңгіме барысында өзіне психологиялық қысым жасалып, екінің бірін: не өз еркімен 15 күнге емдеу мекемесіне жатуды, не сот арқылы "шизофрения" диагнозымен мәжбүрлі түрде емделуді таңда деген талап қойылғанын айтады. Қысымнан соң өз еркімен емделетіні туралы қолхат жазғанымен, оны туыстарымен байланыстырмай, 37 күн бойы еркінен тыс ұстағанын мәлімдеген. Нәтижесінде медициналық мекеме қызметкерлері оған "сандырақ" диагнозын қойып, психиатриялық есепке алған.

Орталықтың анықтамасында мұндай диагноз Өмірбектің анасының сөздеріне негізделіп толтырылған ауру анамнезіне және оның "полицияға дөрекілік көрсеткеніне" сүйеніп қойылғаны жазылған. Алайда Мұхаммад анасымен екі жылдан бері араласпағанын айтады. Оның сөзінше, әкесіне бұрынғы әйелі "жоғарыдан келгендер балаң бүлік шығарды, сотталу не емделуден басқа таңдау жоқ" деп түсіндірген. Азаттық Мұхаммад Өмірбектің анасы Анар Кенжехановаға хабарласқанымен, жауап ала алмады.

Ауруханадан шыққан соң 31 жастағы Мұхаммад Өмірбек Астанада тәуелсіз психиатриялық сараптамадан өткен. Оның айтуынша, бірнеше маманнан құралған комиссия "Өмірбекте психикалық ауытқу белгілері жоқ, ақыл-есі дұрыс" деген қорытынды шығарған. Бес жылдық еңбек өтілі бар бұрынғы фельдшер қазір есепте тұрғандықтан жұмысқа орналаса алмай жүр. Ол психиатриялық есепте тұрған адамға медицина саласында жұмыс табу өте қиын дейді.

Мұхаммад Өмірбек бұл жағдай бойынша бірнеше ай бұрын Қазақстан президентіне, бас прокурор мен денсаулық сақтау министріне шағым жазған, бірақ олардан ресми жауап келмеген.

Азаттық Мұхаммад Өмірбектің ісі туралы бұған дейін AzatNEWS хабарында баяндаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG