Accessibility links

Түркияда он шақты өзбек азаматы күмәнді қаржы операцияларына байланысты тергеліп жатыр

Түркияның Айдын провинциясында күмәнді қаржы операцияларына қатысты іс тергеліп жатыр. Онда Өзбекстан азаматтары күдікке ілініп отыр. Бұған дейін әлеуметтік желіде осы іс аясында 30-дан астам өзбек азаматының ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған еді.

Өзбекстанның Стамбұлдағы бас консулдығының алдын ала ақпаратына қарағанда, қазіргі кезде он шақты өзбек азаматы тергеліп жатыр. Дегенмен олардың әрқайсысының статусы әртүрлі. Кейбірі сот шешімімен түзеу мекемелерінде, кейбірі депортация орталықтарында. Тағы бір бөлігіне Түркиядан кетуге тыйым салынған. Өзбек дипломаттары өз азаматтарының құқығын қорғау үшін түрік ведомстволарымен байланыста екенін хабарлады.

Өзбекстан консулдығы Түркиядағы өзбек азаматтарына ешкімге банк реквизиттерін бермеуге шақырды. Бұған қоса, бөтен азаматтардан немесе таныстарынан шығу төркіні белгісіз ақша қабылдамауға, аудармаға шақырды.

Былтыр Ресейде 33 жастағы өзбек азаматы Махбубахон Уринбоева “терроризмді қаржыландыру” бабы бойынша 15 жыл түрмеге кесілген еді. Іс материалдарына қарағанда, Мәскеуде тұратын әйел адам 2022 жылы қазанда танысына өзінің банк реквизиттері мен есепшотын берген. Ер адам Уринбоеваның есепшотына 6,5 мың рубль түсіріп, үшінші тұлғаға жіберген. Тергеу органдарының айтуынша, бұл қаражат "Ресей аумағынан тыс жерде қолма-қол ақшаға айналдырылып, террористік ұйымға жіберілген".

Өзбекстанның өзінде де өзінің банк карталарын бөтен адамдарға берген азаматтардың соты жиілеген. Биыл елде банк картасы, SIM-картасы, жеке аккаунтты үшінші тұлғаға бергендер жазаға тартылатын болды.

Айдар
XS
SM
MD
LG