Түркияның батысындағы Балыкесир провинциясына белгісіз дрон құлады. CNN Turk арнасының хабарлауынша, оқиға Мәрмәр теңізінің оңтүстігіндегі Маньяс қаласы аумағында болған.
Оқиға орнынан таратылған сурет пен видеоларға қарағанда, мәселе "Мерлин-ВР" дроны жөнінде болып отыр, бірақ түрік билігі аппараттың қай елге тиесілі екенін ресми түрде айтпады.
Hürriyet басылымының жазуынша, дрон 10 желтоқсанда құлаған, бірақ ол жөнінде қазір ғана белгілі болып отыр. Жергілікті тұрғындар бидай алқабынан бөтен нәрсені байқап, іздеу жүргізген, ақыры парашюті бар дронды тапқан. Арнайы қызмет аппаратты Анкараға сараптамаға жіберді.
Елді мекен жетекшісінің сөзінше, аппаратта ешқандай жазу, айқындағыш белгі болмаған.
19 желтоқсанда Түркия ішкі істер министрлігі Стамбул маңынан ресейлік "Орлан-10" аппаратына ұқсас дрон табылғанын хабарлаған. Ал 15 желтоқсанда Түркия қорғаныс министрлігі түрік әскерилері Қара теңізде "бақылаудан шыққан" дронды атып түсіргенін хабарлаған.