Accessibility links

Түркіменстандағы қазақ диаспорасы басшысы Бегдесінов босатылды


Түркіменстандағы қазақ белсендісі Бисенғұл Бегдесінов.
Түркіменстандағы қазақ белсендісі Бисенғұл Бегдесінов.

Мамырдың 13-і күні Астана уақытымен кешкі сағат 20.30-да белгілі болғандай, Ашғабаттың Копетдағ аудандық соты Бисенғұл Бегдесіновке шартты түрде жаза мерзімін тағайындап, сот залынан босатқан.


Азаттық тілшісіне бұл туралы үйіне енді ғана кірген Бисенғұл Бегдесіновтің өзі телефон арқылы хабарлады.

– Иә, шартты түрде босатты. Сіздердің арқаларыңызда! Барлықтарыңыздың қолдауларыңыз сезіледі, – деді ол.

Денсаулығының жаман емес екендігін айтқан Бегдесінов көп сөйлесе алмайтындығын жеткізді. Ол өзінің қанша уақытқа шартты түрде босатылғандығын, қанша уақыт бақылауда болатындығын нақты айтқан жоқ.

– Ертең қолыма соттың қағаздарын алайын – сосын айтып берермін. Мен, шыны керек, қатты толқып... Есімде жоқ соттың шешімінде не айтылғандығы. Менің үшін маңыздысы – отбасыма оралу еді. Ал қалғаны маңызды емес, – дейді ол.

Бегдесіновтің сөзінше, сот оған тағылған 2 бап бойынша айыптардың бірін алып тастаған. Бірақ ол бұл айыптарды мойындамайды.

– Жоқ, мойындамаймын. Мен осы жақтың қазақтарына көмектесемін деп жүрдім ғой. Ең бір өкінішті жері – менің өз қазақтарым өздері қарсы арыз беріп, өздері не жазғанын білмей... Мен құрылтайға барғанда асықпай отырып сөйлессек қайтеді? – деді Бисенғұл Бегдесінов Азаттық тілшісімен мамырдың 13-і күні болған телефонмен сұхбаты барысында.

ЕКІ АЙЫП, 15 ЖЫЛ

Бегдесіновтің адвокаты Байрам Назармедов Азаттық радиосына хабарласқанда қорғауындағы адамға алаяқтық және пара беруге қатысқан деген айыптар тағылғанын айтқан. Олар айыптар бойынша Бегдесінов 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.

Түркіменстандағы қазақ қауымдастығының белсендісі Бисенғұл Бегдесінов Ашғабадта сәуірдің 11-і күні қамауға алынған. Сол күні түркімен ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкерлері Бегдесіновтың үйіне тінту жүргізіп, құжаттары мен компьютерін алып кеткен.

Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Уотч") ұйымы Түркіменстандағы саяси тұтқындардың қатарында Бисенғұл Бегдесіновті де атап, халықаралық қауымдастықты түркімен билігінен оны босатуды талап етуге шақырған болатын.
XS
SM
MD
LG