2028 жыл түркі әлемінде "Шыңғыс Айтматов жылы" болып жарияланды

Шыңғыс Айтматов. Мұрағаттан алынған сурет.
Шыңғыс Айтматов. Мұрағаттан алынған сурет.

Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2028 жылы Қырғызстанның Талас облысына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін береді. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев 29 қарашада Facebook парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, мұндай шешім Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 43-сессиясында қабылданған.

Сол жиында 2028 жыл түркі әлемінде «Шыңғыс Айтматов жылы» болып та жарияланды.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2028 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп жариялау туралы жарлыққа қол қойған. Бұл шешім жазушының туғанына 100 жыл толуына орай қабылданған.

Мерейтой аясында бірқатар шара жоспарланған. Олардың қатарында шетелде көрмелер мен ғылыми жиындар өткізу, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық тағайындау және арнайы коллекциялық алтын монета шығару бар.

Шыңғыс Айтматов 1928 жылы Талас облысының Шекер ауылында дүниеге келген. 2008 жылы 80 жасында қайтыс болды. ЮНЕСКО оны шығармалары әлемде кең таралған классик жазушылардың бірі деп таныған. Жазушының туындылары 165 тілге аударылған.

Айтматов 1986–1991 жылдары Қырғызстан Жазушылар одағын басқарды. 1990 жылы СССР-дың Люксембургтегі, ал 1994–2006 жылдары Қырғызстанның Бельгия, Люксембург, Нидерланд және Франциядағы елшісі қызметін атқарды.

​
XS
SM
MD
LG