Accessibility links

"Covid жоқ" Түркіменстанда британ елшісі коронавируспен ауырып қалды


Ұлыбританияның Түркіменстандағы елшісі Хью Филпотт түркімен тілінде ән салып тұр.
Ұлыбританияның Түркіменстандағы елшісі Хью Филпотт түркімен тілінде ән салып тұр.

Билігі коронавирус инфекциясын жұқтырған бірде-бір адамды тіркемеген Түркіменстандағы Ұлыбритания елшісі Covid-тен «емделуім керек» деп мәлімдеді.

Ұлыбританияның Түркіменстандағы елшісі Хью Филпотт 16 желтоқсанда Twitter-де түркімен тілінде ән айтқан видеосы жайлы әңгімелей отырып, дертті жұқтырғанын да хабарлады.

YouTube-те Филпотт өзін «әуесқой әнші әрі дипломатпын» деп суреттейді және "Ашғабаттағы Orient TM ақпарат агенттігі осы әнді жазуға шақырды" деп жазады. Оның айтуынша, агенттік ол түркімен тілінде айтқан "Түркімен даласы" әніне видеофон әзірлеген.

Видеоны бөліскендерге алғыс білдірген елші "жазылып келе жатқанын" айтқан.

Кейін ол Twitter-де Ұлыбританияның мұның алдындағы елшісі Робин Орд-Смитке "Covid-тен жазылуым керек" деп жауап берген.

2018 жылдан бері Ұлыбританияның Ашғабаттағы елшісі болып жұмыс істейтін Филпоттың коронавирусты қай жерде жұқтырғаны белгісіз. Ол дертінің жай-жапсарын айтып беру туралы Азаттық журналисінің туитіне әлі жауап бермеді.

Түркіменстан – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) коронавирус жұқтырған адамдар туралы мәлімет бермеген 15 ел мен территорияның бірі. "Covid тіркелмеді" деп отырған басқа елдердің көбі құрлықтан шалғайда, Тынық мұхит аралдарында орналасқан.

Тамызда ДДСҰ Түркіменстанда белгісіз пневмония өршіп кеткеніне байланысты алаңдаушылық білдіріп, Ашғабатты елде тәуелсіз ұйымдардың коронавирус дертіне тест жүргізуіне рұқсат етуге шақырған. Түркіменстан басшылығы бұл өтінішке құлақ аспады.

Түрмелер мен мектептерде, халық арасында індет жайылғаны туралы сөз көп, ауруханалар адамға толып барады, ал көрші елдерде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көп шығып жатыр. Соған қарамастан, Түркіменстан басшылығы Covid-пен ауырған бірде-бір адам жоқ деумен келеді.

Елде ресми түрде коронавирус жоқ болғанымен, Түркіменстан басшылығы «шаңның» зияны көп деп, азаматтарға маска тағуды ескертіп келеді.

Түркімендердің көбі ауруханаға бармай, үйде емделуді жөн көреді. Себебі, емханаларда симптомдары коронавирус инфекциясына ұқсас науқас көп, сондықтан олар вирус жұқтырып аламыз деп қорқады.

Мәйітханалар өкпе дертінен көз жұмғандардың денелерін арнайы полиэтилен қаптарға салып жіберіп жатыр, елде жаңа қазылған қабір көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG