Accessibility links

Ұлыбританияның ең ірі апталық газеті жабылып қалды


Руперт Мердок, News of the World корпорациясының басшысы (оң жақта) Челтенхэм ат бәйгесін тамашалауға келді. 18 наурыз 2010 жыл
Руперт Мердок, News of the World корпорациясының басшысы (оң жақта) Челтенхэм ат бәйгесін тамашалауға келді. 18 наурыз 2010 жыл

168 жылдық тарихы бар News of the World басылымының жабылуына заңсыз түрде телефон таспаларын тыңдау себеп болған. Газет сенсациялық мақалалар жазу үшін мыңдаған адамның телефон арқылы айтқан әңгімелерін тыңдап келді деп айыпталды.


News of the World газетінің ең соңғы саны алдағы жексенбі күні шығатын болды. Сосын газет біржола жабылмақ. Басылым қызметкерлеріне "қылмыстың құрбаны болған адамдардың, әскерилердің және мыңдаған өзге де адамдардың телефон диалогтарын рұқсатсыз тыңдап келді" деген айып тағылды.

Басылымның иесі австралиялық медиа-магнат Руперт Мердок еді. Оның ұлыбританиялық филиалын басқарып келген ұлы Джеймс Мердок бұл жағдайды "жан түршігерлік және өте өкінішті" деп сипаттады. Елдің премьер-министрі Дэвид Кэмерон оқиғаны "жиіркенішті" деп бағалады.

Газет журналистері телефон сөздерін тыңдаған адамдардың ішінде баласы кісі қолынан қаза тапқан ата-аналар да, соғыста өлген британдық солдаттардың туыстары да бар. Басылымды этикаға жат қылық жасады деп айыптаған саясаткерлермен қатар ірі жарнама берушілер жексенбі күнгі шығатын соңғы нөмірінен бас тартып жатыр.

Газеттің ұлыбританиялық филиалының басшысы Джеймс Мердок "Газеттің осы күнге дейін жасап келген игі істерін бір ғана қате әрекет жоқ қылды" деп мәлімдеді. SKY News телеарнасына берген сұқбатында ол журналистік кәсіпқойлыққа дақ түсірген кейбір адамдардың қылығы үшін зор өкініште қалғанын айтқан.
Эд Милибэнд, Ұлыбританияның билеуші лейбористік партиясының басшысы. Лондон, 8 шілде 2011 жыл

Полицияның айтуынша, кем дегенде 4000 адам сенсация іздеген репортерлердің нысанасына іліккен. Журналистер телефондарындағы дауыс поштасына бұзып кірген адамдардың ішінде саясаткерлер, корольдік отбасының мүшелері, әйгілі әртістер, қылмыс құрбандары және басқа да адамдар бар.

Апта сайын жексенбі күні Sunday News атауымен 3 миллион тиражбен шығатын газеттің репортері дәл осындай айыптау бойынша 2007 жылы түрмеге түскен еді.

Ал соңғы мәрте газет журналистерінің телефон тыңдайтыны былайша белгілі болып қалған: қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан 13 жасар Милли Доулер атты жасөспірімнің қалта телефоны арқылы сөйлескен ең соңғы сөздерін қате түсінген журналистер полицияның тергеу жұмыстарына кедергі келтіріп, ата-анасының перзенті әлі тірі деп қате түсінуіне себепші болған. Дәл осындай жағдай Ирак пен Ауғанстанда өлген солдаттардың отбасыларына қатысты да туған. 2005 жылы шілденің 7-сінде болған теракт кезінде ұлынан айрылған Грэхем Фолкес те газеттің жеке із кесуші жалдап, телефонын тыңдағанын полициядан бір-ақ білген.

Наразы оқырмандар газетке онлайн-бойкот жариялап, мыңдаған қолдар қойылған.

Ұлыбританияның билеуші Лейбористік партиясының басшысы Эд Милибэнд SKY News-ке берген сұқбатында газетті 1969 жылы сатып алған Руперт Мердоктың оны жабудан өзге амалы жоқ екенін айтқан.

- Бұл шешімді қабылдауға мәжбүр еткен - газеттің осы ісіне жиіркеніш білдірген халықтың талабы. Сосын, әлбетте, жарнама берушілердің теріс айналуы, - деп мәлімдеді Милибэнд.
XS
SM
MD
LG