Accessibility links

Үкімет жағдайы жақсы азаматтардың есебінен $5,5 млрд теңге үнемдеуді жоспарлап отыр

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан жәрдемақы төлемдеріне көзқарасты өзгертуді және мақсатты қолдау жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл тәсіл үкіметке 2027 жылы – шамамен 700 миллиард теңге ($1,5 млн) және үш жылда 2,5 триллион теңгеге дейін ($5,5 млрд) үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл жөнінде 14 қазанда өткен Құрылтай отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазір көпбалалы отбасылар табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алады. "Бұл – әділетті емес".

"Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек. Мемлекет тек өмірлік жағдайына байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетеді және алдағы уақытта да қолдайды" деді Бектенов.

Осыған байланысты жағдайы жақсы отбасылар жеңілдікке ие топтарға кірсе де төлем шектелуі мүмкін.

Үнемделген қаражатты үкімет бюджет тапшылығы мен өзге же мақсаттарға жіберуді жоспарлап отыр.

5 қазанда үкімет жәрдемақылардың тізімі мен оларды тағайындау, тоқтату мен қайта жандандыру шарттарын бекіткен.

Жаңа ережеге сәйкес, енді үкімет адамға жәрдемақыны белгілі бір санатқа жатқаны үшін емес, отбасының әлеуметтік жағдайына қарап барып төлейді. Отбасының цифрлық катасы билікке кіріс, мүлік пен салық туралы деректерді салғастыруға мүмкіндік береді. Халық "A"-дан (ең жоғары деңгей) бастап "Е"-ға (ең ауыр) дейінгі топтарға бөлінеді.

Мысалы, сіз 1,5 жасқа дейін бала бағып отырған анасыз және бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып отырсыз делік. Жаңа ереже күшіне енсе, босанған әйелдерге жәрдемақы бірден жазыла салмайды. Алдымен мемлекет отбасының жағдайын тексереді. Үй ішінің әл-ауқаты жоғары «А» немесе қанағаттанарлық «В» санатына кірсе, жәрдемақы берілмейді.

Отбасының жағдайын анықтау үшін жаңа база жасалмайды. Қазақстанда қазірдің өзінде «Отбасының цифрлық картасы» деген бар. Онда 6,2 миллионнан астам отбасы, яғни шамамен 20 миллион адам туралы мемлекеттің қолында бар дерек біріктірілген. Жаңа жүйеде жәрдемақы беру-бермеуді анықтағанда осы картадағы мәліметтер пайдаланылады.

Дегенмен кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайы бағаланбайды. Бұл мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар, бірінші және екінші топ мүгедектігі бар, сонымен бірге әке-шешесі жоқ балаларға қатысты.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG