Украина дрондары 13 қыркүйекте Татарстандағы Нижнекамскіге шабуылдады. Қала билігінің хабарлауынша, дрон жарылған жердің маңындағы көлікте болған екі адам қаза болған. Тағы алты адам зардап шеккен.
Astra-ның жазуынша, дрондардың бірі тұрғын үйдің маңына құлап, ғимараттың әйнегі шағылған.
Украинаның мониторинг арналарының жазуынша, дрондар Нижнекамскідегі өнеркәсіп аймағына шабуылдаған. Онда бірнеше мұнай өңдеу кәсіпорны ( "ТАНЕКО", "ТАИФ-НК", "Нижнекамскнефтехим") орналасқан. Видеода аумақтың өртенгені байқалады. Билік әзірге қандай да бір шығын келгені жөнінде хабарламады.
13 қыркүйекте украин дрондары сонымен бірге Ресейдің Краснодар өлкесінде Славянск мұнай өңдеу зауытына шабуылдаған. Кәсіпорынға соққы тигенін Astra жазды. Билік аты аталмаған кәсіпорында өрт болғанын, газ құбыры бүлінгенін жазды. Бір адам зардап шекті.
Нижнекамск және Славянскідегі мұнай өңдеу зауыттарына украин дрондары бұған дейін де шабуылдаған. Украина әскері кейінгі соққыға түсініктеме берген жоқ.