Accessibility links

Украина әскері Купянскіде қайта шабуылға шыққанын хабарлады


Купянск маңындағы украин әскері. Мамыр 2025 жыл.
Купянск маңындағы украин әскері. Мамыр 2025 жыл.

Украина әскері мен майдандағы жағдайды бақылайтын DeepState мониторингтік жобасы, сонымен бірге ресейшіл әскери телеграм-арналар Купянскіде Украина әскерінің қайта шабуылға шыққанын бір мезетте хабарлады. Олардың мәліметінше, украин жасағы қала аудандарын біртіндеп қайтарып жатыр.

Бір апта бұрын Ресей президенті Владимир Путинге әскерилер "Купянскіні толық басып алғандарын" хабарлаған еді. Дегенмен Украна жағының айтуынша, бұған дейін де қала орыс әскерінің толық бақылауында болмаған.

DeepState Ресей әскерінің қалада "тактикалық жеңіліске" ұшырағанын хабарлады.

Купянскіде шайқасып жатқан Украина әскерінің айтуынша, 200 адамнан құралған ресейлік жасақ толық қоршауда қалған. Украина қолбасшылығының дерегінше, оларға жабдықтар тек дрондар арқылы ғана жеткізіліп жатыр.

Украина жағының айтуынша, украин жасағы бір мезетте бірнеше бағыт бойынша қимылдап, қарсылас жақты логистикадан ажыратуға тырысқан. Бұған қоса, газ құбырларының барлығы да атқыланған. Сол құбырды ресейлік әскер қалаға ену үшін пайдаланған еді.

Ресейшіл телеграм-арналар украин күштерінің қайта шабуылға шыққанын растап, Ресей қорғаныс министрлігін сынады.

Шайқас жалғасып жатқан тұста Украина президенті Владимир Зеленский жұма, 12 желтоқсанда Купянск ауданына барды. Ол қалаға кіреберіс жеріне ұқсайтын аумақтан видео жариялап, Украина күштерінің қайта шабуылға көшкенін растады.

"Қазіргі кезде Украинаның дипломатияда нәтижеге қол жеткізуі үшін майдан шебінде жетістіктерге қол жеткізуі өте маңызды. Ол осылай жұмыс істейді" деді Зеленский.

Ал Ресей Купянскі бағытында табыстарға қол жеткізгенін айтудан айныған жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі орыс әскерінің қоршауда қалғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG