Accessibility links

Украина билігі Назарбаевтың барельефін бұзудан бас тартты

Украинаның Каменское қаласындағы Назарбаевқа арналған барельеф. Уикипедиядан алынған скриншот.
Украинаның Каменское қаласындағы Назарбаевқа арналған барельеф. Уикипедиядан алынған скриншот.

Украина билігі Каменское қаласындағы Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған барельефті бұзбауды жөн көрді. Бұл жөнінде “Украина – Орталық Азия” телеграм-арнасы жазды.

Барельефті бұзу туралы өтініш иесі – қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайынов. Ол Назарбаевтың совет билігімен байланысы барын айтып, Владимир Путинмен қарым-қатынасын да алға тартқан.

Алайда Украина ұлттық ескерткіштер институты белсендінің өтінішін орындамаған. Институттың жетекшісі Александр Алферов барельефте тыйым салынған символика жоғын және “Ресейдің импершіл саясаты” мен декоммунизация туралы заңға енбейтінін айтқан.

Барельеф Каменское қаласындағы училищенің алдында тұр. Онда Назарбаев 1958-1960 жылдары оқыған. Ескерткіш 2005 жылы орнатылған.

Нұрсұлтан Назарбаев совет одағы құлағанға дейін 1989-91 жылдары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған.

Совет одағы тарағаннан кейін елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент лауазымын көп жылғы серігі, сол кезде парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып кеткен.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев билікті толық қолына алып, Назарбаев барлық лауазымынан айырылды. Сол жылы маусымда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша алғашқы референдум өткізіліп, бірінші президентке берілген барлық артықшылықтар, ол – "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген сөйлем алып тасталған.

Айдар
XS
SM
MD
LG