16 қарашаның кешінде Қырым көпіріне бір күнде екінші шабуыл жасалғанын ресейлік дереккөздер растады деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.
Қырым көпіріне кіреберіс автожолдардағы жағдай жөніндегі ақпараттық орталықтың telegram-арнасында көпірде қозғалыс жабылғаны туралы кезекті құлақтандыру Краснодар өлкесінің уақыты бойынша түнгі сағат бір шамасында жарияланған.
Украиналық Telegram-арналар көпірге жасалған соққының салдары көрінетін дроннан түсірілген видеоны жариялады: онда автомобиль көпірінің аркасы мен аралық бөлігі опырылып, суға түсіп қалғаны байқалады.
Мәскеудің аннексиялап алған Қырымға тағайындаған басшысы Сергей Аксеновтің кеңесшісі Олег Крючков Қырым көпірінде қозғалыс толық тоқтатылғанын растап, түбек тұрғындарын "Краснодар өлкесіне баруды қоя тұруға" үндеген. Жергілікті telegram-арналар дауылға байланысты Керчь бұғазы арқылы өтетін паром өткелі де жұмыс істемей тұрғанын хабарлады.
Сергей Аксенов өз telegram-арнасында түбектің Ленин ауданында дрон шабуылы салдарынан екі адам қаза тапқанын жазды. Бұған дейін дүйсенбіге қараған түні жасалған дрон шабуылы салдарынан автомобиль көпірінің металл арқалығының бір бөлігі зақымданып, қисайып қалған еді.
Шабуылға тойтарыс беруге көпір маңындағы мұнараларға орнатылған екі "Панцирь" зенит-зымыран кешені де көмектесе алмаған.
Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс бастаған кезден бері Қырым көпіріне украиналық күштер бірнеше рет шабуыл жасаған:
2022 жылғы 8 қазанда жарылғыш заттар тиелген жүк көлігі көпірден өтіп бара жатып жарылды. Бұған жауапкершілікті Украина қауіпсіздік қызметі мойнына алды;
2023 жылдың шілде айында Украинаның теңіз дроны шабуылынан көпір ішінара қирады;
2025 жылдың маусым айында Украина көпірдің тіректерін жаруға тырысты, бірақ көпір құламады. Кремль ол жарылыс көпірге айтарлықтай зиян келтірген жоқ және көлік қозғалысы бірнеше сағатқа ғана бөгелген деп мәлімдеді.
Қырым көпірінің құрылысы жайлы Украинаның бас барлау басқармасы 2022 жылы жариялаған құжаттарда көпірдің аркалары құрылысын салу мен пайдалану кезінде аса үлкен салмақ пен өзгеріске төзімді өте күрделі инженерлік құрылымға жататыны айтылған. 2022 жылғы жарылыс пен 2023 жылғы теңіз дронымен шабуылынан кейін көпір аралықтарын толық қалпына келтіру жұмыстары тиісінше 209 күн (теміржол өткелін қалпына келтіруді қосқанда) және 89 күн алған, дегенмен көпірдегі шектеулі көлік қозғалысы тез қалпына келген еді.