АҚШ-та Киев пен Вашингтон делегациялары бейбітшілік жоспарын талқылады. Бұл жөнінде Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров хабарлады. Ол келіссөз нәтижесін Украина президенті Владимир Зеленскийге баяндаған.
АҚШ-тың НАТО-дағы тұрақты өкілі Мэтт Уитакердің айтуынша, процесс соңғы кезеңге аяқ басқан және негізгі мәселелерді шешу үшін "барлығы жеңін түріп жұмыс істеуі керек".
Оның сөзінше, бейбітшілік келісіміне қол жеткізуге болады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Ресей мен Украина осы аптада немесе қаңтарда ымыраға келуі мүмкін. Рубионың айтуынша, соғысты аяқтау бойынша жұмыс 24 сағат жүріп жатыр.
Өз кезегінде Ресей президентінің арнайы уәкілі Кирилл Дмитриев АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және кеңесші Джаред Кушнермен кездесу үшін Майамиге ұшып келді. Reuters-тің жазуынша, Украина қатысатын үшжақты кездесу әзірге жоспарланбаған. Келіссөз екі күнге созылады.
Тараптар арасында келіссөз жалғасып жатқан тұста президент Дональд Трамп Флорида штатына баратынын мәлімдеген. Бірақ нақты қашан баратынын және ресейлік немесе украин делегациясымен кездесетінін-кездеспейтінін айтқан жоқ.