Accessibility links

"175-ке 175": Украина мен Ресей тұтқын алмасты

Ресей тұтқынынан оралған украин сарбаздары туыс-жақындарымен қауышты. 11 сәуір, 2026 жыл.
Ресей тұтқынынан оралған украин сарбаздары туыс-жақындарымен қауышты. 11 сәуір, 2026 жыл.

Ресей мен Украина Пасха діни мерекесі қарсаңында "175-ке 175" формуласы бойынша әскери тұтқын алмасты. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тұтқын алмасуға Біріккен Араб Әмірліктері арағайындық жасаған.

Ресей жағының хабарлауынша, Украинадан әскери тұтқындардан бөлек Курск облысының жеті тұрғыны да қайтарылған.

Украина президенті Владимир Зеленский айырбас нәтижесінде 175 украин жауынгері елге оралғанын растады. Оның айтуынша, олардың арасында жаралы адамдар бар, ал көпшілігі 2022 жылдан бері тұтқында болған. Сондай-ақ Украинаға жеті бейбіт тұрғын берілгені айтылды.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинамен "Пасха бітімін" жариялаған болатын. Ол 11 сәуір күні сағат 16:00-ден 12 сәуір күні аяқталғанша күшінде болмақ. Украина бұған дейін Ресейге Пасхаға байланысты атысты тоқтату туралы ұсыныс білдірген.

Сенбі, 11 сәуір күні таңертең Зеленский Украина бітім режимін сақтап, қарсы жақтың іс-әрекетіне дәл сондай жауаппен әрекет ететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер Ресей әуе, жер және теңізде шабуылдар жасамаса, Украина да оқ атпайды.

Украина президенті Пасха кезіндегі атысты тоқтату бейбітшілікке нақты қадамның бастауы болуы мүмкін екенін айтты.

11 сәуірге қараған түні екі тарап бір-біріне әуе шабуылын жасады. Украинаның әскери әуе күштерінің дерегінше, Украинаға 160 ресейлік дрон шабуыл жасаған. Ал Ресей қорғаныс министрлігі 99 украин дроны жойылғанын хабарлады.

  • 9 сәуірде екі тарап қарсы жаққа қаза тапқан адамдарын қайтарған: Украинаға 1000 адамның, Ресейге 41 әскери қызметшінің сүйегі берілген.
  • Былтыр да Пасха алдында Ресей мен Украина "246-ға 246" формуласы бойынша әскери тұтқын алмасқан еді.
Айдар
XS
SM
MD
LG