Василий Малюк Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) басшысы қызметінен кететіні туралы мәлімдемесін өзі басқарған құрылымның Telegram-арнасында жарияланды.
"Мен Украинаның қауіпсіздік қызметі жүйесінде қалып, әлемдік деңгейдегі асимметриялық арнайы операцияларды іске асыруды жалғастырамын. Олар алдағы уақытта да дұшпанға барынша зор шығын келтіре береді. Қуатты әрі заманауи арнайы қызмет – мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі екеніне сенімдімін. Украина президенті қорғаныс саласында енгізіп жатқан өзгерістер дәл осы мақсатқа бағытталған, сол үшін мен оған алғыс айтамын", – деген Малюк мәлімдемесінде.
"Украинская правда" басылымы дереккөздерге сүйеніп, Малюк қызметтен кетуге дайын екені туралы шешімді ел президенті Владимир Зеленскиймен кеңескеннен кейін қабылдаған деп жазды. Басылым мәліметінше, бұған дейін Малюк арнайы операциялар аяқталмағанын алға тартып, отставкаға кететіні жайлы өтініш жазудан бас тартқан. Алайда жағдайды ушықтырмау және мемлекетке зиян келтірмеу үшін ақыр соңында келісім берген.
Президент Зеленский әлеуметтік желілерде Малюкпен оның орнына келетін кандидатураларды талқылағанын хабарлады. Украина президенті сондай-ақ Малюкке "украиналық асимметриялық операциялар бағытын әлемдегі ең қуатты бағытқа айналдыруды" ұсынған.
"Басқыншыға және Ресей мемлекетіне қарсы украиналық асимметриялық операциялар көбірек болуы керек, жауды жоюдағы біздің нақты әрі қуатты нәтижелеріміз арта түсуі тиіс", – деген Зеленский. Ол Малюктің бұл бағыттағы жұмысты СБУ жүйесінде жалғастыратынын нақтылады.
Украина заңына сәйкес, елдің қауіпсіздік қызметі басшысының отставкасы күшіне енуі үшін ондай шешімді Жоғарғы Рада бекітуі шарт. Оған дейін Украинаның қауіпсіздік қызметі басшысы міндетін "А" арнайы операциялар орталығының басшысы Евгений Хмара уақытша атқарады. Ол туралы тиісті жарлыққа президент Зеленский қол қойды.