Accessibility links

Украина: Ресей әскері бір тәулікте 800-дей адамынан айырылды

Украина қарулы күштері бас штабының дерегінше, өткен тәулікте Ресей әскері 800-ге жуық жауынгерінен айырылған. Штабтың мәліметінше, сонымен бірге жуырда Ресей әскерінің 5 мың танк, 3 әскери бронды техника, 41 артиллериялық жүйе, 1 дүркіндете ататын жүйе, бір әуе қорғаныс жүйесі, 1 239 дрон, 16 қанатты ракета, 127 көлік пен автоцистернасы жойылған.

Бұған дейін Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский қаңтарда қаза болғандар мен жараланғандарды қосқанда Ресей әскері арасындағы адам шығыны 31,7 мыңнан астам адам деп мәлімдеген. Бұл Ресей әскеріне келгендер санынан көп.

Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, жалпы алғанда Ресей жағы Украинадағы соғыста кемі 1 250 950 адамынан айырылған.

Ресей билігі соғыста қанша әскері қаза болғанын немесе жараланғанын айтпайды. Мәскеу соңғы рет қаза болғандар жөнінде мәліметті 2022 жылы қыркүйекте айтқан. Онда 5937 адам өлгенін мәлімдеген.

Ресейлік "Медиазона" басылымының тілшілері, BBC-дің орыс қызметі мен еріктілер тобы 23 қаңтарда ашық дереккөздерге сүйене отырып, 2022 жылдың ақпанынан бері соғыста қаза болған 165,6 мың ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Журналистердің айтуынша, тізім толық емес, себебі әскери қызметкердің қазасы көп жағдайда ашық жариялана бермейді.

XS
SM
MD
LG