Украина Ресейдің үш аймағындағы мұнай нысандарына шабуыл жасады

Әскери дрон суретінен жасалған коллаж
Әскери дрон суретінен жасалған коллаж

Украина күштері өткен түні Ресейдің Татарстан республикасындағы "Калейкино" мұнай айдау станциясына (МАС), Ростов облысындағы Новошахтинск мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) және Пермь өлкесіндегі "Лукойл-Пермнефтеоргсинтез" зауытына шабуыл жасады. Мұны украиналық мониторинг арналары хабарлады.

Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың баспасөз қызметі республикаға шабуыл жасалғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, украин дрондары Әлмет қаласы маңындағы мұнай сақтау резервуарларына соққы беріп, бірнеше нысанға зақым келтірген. Татарстан билігі нақты қандай нысандар зардап шеккенін айтқан жоқ. Алайда Astra басылымы әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларды зерттей келе, "Калейкино" мұнай айдау станциясы өртеніп жатыр деген қорытындыға келді.

"Калейкино" мұнай айдау станциясы ("Транснефть – Прикамье") Ресейдің магистральдық құбырлар жүйесіндегі ірі торап саналады. Станцияда Батыс Сібір, Татарстан, Удмуртия және Башқұртстаннан келетін әртүрлі сұрыптағы мұнай сақталып, араластырылады, содан кейін магистральдық мұнай құбырлары жүйесі, соның ішінде "Дружба" мұнай құбыры арқылы айдалады. Украина бұл станцияға бұған дейін де шабуыл жасаған, кейінгі жолы 19 қарашаға қараған түні соққы берген.

Ростов облысының басшысы Юрий Слюсарь аймаққа шабуыл жасалғанын растағанымен, Новошахтинск мұнай өнімдері зауытына (НМӨЗ) дрон түскенін ашып айтпады. Ол Красный Сулин ауданында "дрон сынықтары құлағандықтан" өрт шыққанын жазды. Дәл сол ауданда Новошахтинск мұнай өнімдері зауыты орналасқан. Губернатордың айтуынша, түнде аймақ аумағында 80 дрон атып түсіріліп, залалсыздандырылған. Шенеунік ол ақпарат әлі нақтыланатынын айтты.

Бұдан бөлек, мониторинг арналары "Лукойл-Пермьнефтеоргсинтез" (ПНОС) мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалғанын хабарлады. Exilenova+ арнасы кәсіпорын аумағында өрт шыққанын жазды. Әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттерден бірнеше өрт ошағын көруге болады. Аймақ губернаторы Дмитрий Махонин дрондар шабуылына тойтарыс беріліп жатқанын және өнеркәсіп нысанына зақым келгенін мәлімдеді.

Ресей қорғаныс министрлігі Брянск, Белгород, Воронеж, Волгоград, Киров, Орел, Пенза, Ростов, Саратов, Самара, Тамбов, Ульяновск облыстарының, Краснодар және Пермь өлкелерінің, Татарстан, Башқұртстан және аннексияланған Қырым аумақтарының үстінде 192 украиналық дрон атып түсірілгенін хабарлады.

​
XS
SM
MD
LG