Accessibility links

Украина дрондары алғаш рет үш мың шақырымдай жердегі Ямалға шабуыл жасады

Fire Point компаниясы шығарған дрон (көрнекі сурет)
Fire Point компаниясы шығарған дрон (көрнекі сурет)

Украина күштері шекарадан үш мың шақырымға жуық жердегі Ямалға алғаш рет дронмен шабуылдады. Ресейдің Ямал-Ненец автономиялық округі губернаторы Дмитрий Артюхов Новый Уренгойдағы өнеркәсіп нысаны дрон сынықтары түскеннен кейін өрт шыққанын хабарлады. Артюхов шабуыл тойтарылып, ешкім зардап шекпегенін айтты. Келген залалдың көлемі анықталып жатыр.

Ресей президентінің Орал федералдық округіндегі өкілетті уәкілі Артем Жога нысанаға отын-энергетика нысаны алынғанын айтты. Оның сөзінше, жұмысшылар алдын ала эвакуацияланған. Жога бұл Орал федералдық округінің арктикалық бөлігіне жасалған алғашқы дрон шабуылы екенін хабарлады.

Новый Уренгой Украина шекарасынан шамамен 2800 шақырым жерде орналасқан.

Украиналық зымыран мен дрон өндіретін Fire Point компаниясы Новый Уренгойға жасалған шабуылға қатысы барына меңзеді. Компания мәлімдемесінде дронның "3300 шақырымнан астам қашықтағы нысанаға сәтті тигені" айтылған.

Украиналық мониторинг жүргізетін Telegram-арналардың дерегінше, шабуыл нысанасы Новый Уренгойдағы конденсатты тасымалдауға дайындайтын зауыт болған. "Газпромға" тиесілі зауыт жылына 19,5 миллион тоннаға дейін өнім дайындайды.

"Агенттік" басылым сөйлескен Conflict Intelligence Team (CIT) өкілі бұл шабуылға көпшілікке маусым айында таныстырылған украиналық FP-1 дрондары қолданылған болуы мүмкін деп топшылады. Оларды таныстырған кезде 2700 шақырым қашыққа дейін жетеді деген еді.

Новый Уренгойға дейін украин дрондары соққы берген ең алыс нысана – шекарадан шамамен 2500 шақырым жердегі Омбы мұнай өңдеу зауыты болған еді. Украина дрондары оған 6 шілдеде шабуыл жасаған.



Айдар
XS
SM
MD
LG