Accessibility links

Бұрынғы елші КҚК жөнінде: Астана баламасыз бағыт қателік болғанын мойындайды

Украинаның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Ольга Стефанишина. 8 қырүйек, 2026 жыл.
Украинаның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Ольга Стефанишина. 8 қырүйек, 2026 жыл.

Украинаның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Ольга Стефанишина Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында АҚШ-тың Киевке Каспий құбыр консорциумын (КҚК) атқыламау туралы өтініші туралы да айтады.

“Вашингтонда болған кезіңізде америкалық шенеуніктерден Новороссийскіге шабуыл жасамау жөнінде өтініш қаншалықты жиі түсті?” деген сұраққа тамыздың басында қызметінен кеткен бұрынғы елші "Chevron мен Exxon кемелеріне қатысты" болмаса, басқа өзге соққыға қатысты [түспеді] дейді.

"Қазақстанмен бұрыннан жақсы қарым-қатынасым бар. Қазақстан елшісімен хабарласып тұрдық. Бір жағынан, жағдайды түсіну бар; екінші жағынан, бұл – Қазақстанның бюджетін құрайтын және АҚШ-тың тіке экономикалық мүддесіне қатысты сала. Қазақтар да, Exxon мен Chevron да Украинаның ұстанымын түсінетінін айқын жеткізеді, бірақ баламасыз бағыт қателік болғанын мойындайды" деді бұрынғы елші.

Оның сөзінше, балама жол табу "тез шешіле салатын нәрсе" емес.

"Мұны жақсы білетін ресейліктер де өздерінің әскери нысандарын коммерциялық инфрақұрылымға барынша жақын орналастырған" деді ол.

Стефанишинаның айтуынша, қазір мұндай жағдайды болдырмау амалы табылған.

"Ақыр соңында мұны қалай реттеуге болатынын таптым. Қазір бұл компаниялармен арада мұндай эксцестерді болдырмайтын әрекеттесу механизмі бар" деді Украинаның бұрынғы елшісі.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа тасымалдайды. Бұған дейін украин дрондары консорциумның инфрақұрылымына бірнеше рет шабуылдап, бірнеше күн бұрын да соның салдарынан мұнай тиеу кідірген.

  • Бұдан бұрын Украина КҚК маңындағы танкерлерге 2026 жылғы шілде айында бірнеше рет шабуылдаған. Осыдан соң КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап етіп, мұны Қазақстанның "экономикалық мүдделеріне қол сұғу" деп сипаттаған, бірақ нақты елді атамаған.
  • 8 тамызда Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеп, Украина АҚШ өкілдерімен келіссөзден соң КҚК мен Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ танкерлерге соққы жасамауға келісті деп жазған.
  • 2026 жылғы ақпанда Вашингтон Киевті Қара теңіздегі мұнай нысандарына соққы жасамауға шақырған. АҚШ мемлекеттік департаменті Украинаның Новороссийскідегі мұнай нысандарына соққылары Американың Қазақстандағы инвестициясына әсер ететінін жеткізген.
  • КҚК-ның акционерлері қатарында қазақстандық "Қазмұнайгаз", ресейлік, "Транснефть", америкалық Chevron мен ExxonMobil да бар.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG