Украина қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы 21 желтоқсанға қараған түні Липецк маңындағы әуежайда Ресейдің екі бірдей – Су-30 және Су-27 жойғыш ұшақтары зақымдалғанын мәлімдеді.
Украин барлауының дерегінше, әскери ұшақтардың екеуі де істен шығарылған. Ресей Украинаға қарсы соғыста пайдаланып отырған бұл екі әскери ұшақтың құны шамамен 100 миллион АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін деп көрсетілген.
"12" және "82" деген борт нөмірлері болған Су-27 мен Су-30 мұқият дайындықтың арқасында отқа оранды", – деп жазылған хабарламада.
Украинаның бас барлау басқармасының мәлімдеуінше, Липецк маңындағы әуежайда арнайы операция жасауды жоспарлау екі аптаға созылған. Күзетшілердің бағыты мен қарауыл ауысу кестесін зерттеу "әскери "нысанға білдірмей енуге" және ұшақтарды "қорғалған авиация ангарының ішінде зақымдап", одан кейін "әуежай аумағынан кедергісіз шығып кетуге" мүмкіндік берген. Ангарға нақты кім кіргенін және арнайы операцияның өзге де егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.
Украина барлау қызметінің бұл мәлімдемесін тәуелсіз тараптардан растау әзірге мүмкін болмай отыр.
Ресей Украина барлауы таратқан ақпаратқа қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.