"Энергоатомдағы" жемқорлық дауына байланысты отставкаға кеткен Украинаның бұрынғы энергетика министрі Герман Галущенко 15 ақпанға қараған түні шекараны кесіп өтпек болған кезде ұсталды. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген украин ақпарат құралдары жазды, кейін ақпаратты ұлттық жемқорлықпен күрес бюросы (НАБУ) растады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұрынғы шенеунік елдегі энергетика саласындағы ірі жемқорлық ісі аясында ұсталған. Басқа мән-жайы айтылмайды.
"Украинская правда" басылымының жазуынша, Галущенконы пойыздан түсіріп алған, себебі шекара қызметінің қызметкерлеріне НАБУ мен жемқорлықпен күрес прокуратурасы (САП) Галущенко жөнінде ақпарат беріп отыруды ұсынған.
Азаттықтың Украин қызметі "Схема" зерттеу жобасы дереккөзінің айтуынша, бұрынғы министр Киевке тергеуге жеткізілмек.
2025 жылы 10 қарашада НАБУ "Энергоатом" компаниясында қылмыстық топты әшкерелегенін мәлімдеген. Ақпаратқа қарағанда, схемаға қатысушылар мемлекеттік компанияларға қызмет көрсететін тасымалдаушылар мен мердігерлерден келісімшартта көрсетілген соманың 10-15 пайызын талап етіп отырған. Тергеу мәліметінше, схемаға қатысушылар сонымен бірге "Энергоатом" нысандарын Ресей соққысынан қорғаймыз деп ақша жымқырған.
Ертесінде НАБУ "Энергоатом" ісі бойынша бес адамның ұсталғанын хабарлаған. Арасында бұрынғы және сол кездегі шенеуніктер де болған. Тергеушілер схеманы ұйымдастырушы ретінде президент Владимир Зеленскийдің бизнес-әріптесі мен "95 квартал" иелерінің бірі Тимур Миндичті де атаған. Миндич шетелге шығып кеткендіктен ұсталған жоқ. Кейін журналистер оның Израильде жүргенін анықтады. Схема әшкереленгеннен кейін Зеленский оған санкция салды.
Осы іс аясында Украинаның бұрынғы вице-премьері Алексей Чернышев екі айға қамалды. Бұрынғы қорғаныс министрі Рустем Умеров тергелді. Ал Украина президенті кеңсесінің бұрынғы жетекшісі Андрей Ермактың үйіне тінту жүргізілді. Көп ұзамай Ермак отставкаға кетті.