Accessibility links

Украинаның дрон шабуылы Ресей басып алған аймақтарды жарықсыз қалдырды

Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі бірқатар аудандар мен Ресей басып алған Украинаның Донецк қаласы, Херсон және Запорожье облыстарының кей бөліктері украин дрондарының шабуылынан кейін жарықсыз қалды.

Украиналық мониторинг жүргізетін Exilenova+ телеграм-арнасы жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйеніп, Донецк қаласында электр жарығы өшірілгенін жазды. "Крымский ветер" Қырымдағы Некрасовка ауылы маңындағы қосалқы электр стансасы шабуылға ұшыраған болуы мүмкін, өйткені ол жақта түнде жарық сөніп қалды деп хабарлады. Мұны растайтын ресми ақпарат болған жоқ.

Ресей тағайындаған Херсон облысы әкімшілігінің басшысы Владимир Сальдо өңірдің барлық аудандарында толық немесе ішінара электр жарығы жоғын мәлімдеді. Ал Запорожье облысының ресейлік әкімшілігі энергетика инфрақұрылымына зақым келгенін және өңірдің едәуір бөлігінде жарық өшірілгенін хабарлады.

Сондай-ақ, "Крымский ветер" спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп, Керчь маңындағы аэродром ауданындағы "Панцирь" зымыран-зениттік кешені орналасқан маңда және Қырымдағы "Марьяновка" деп аталатын ірі электр стансасында өрт шыққанын жазды.

Ресей Запорожье облысының басып алған бөлігіне басшы етіп тағайындаған Евгений Балицкий "аймақтың ауқымды бөлігінде" электр жарығы өшкенін хабарлады. Оның сөзінше, Украина қарулы күштерінің шабуылынан энергия нысандары бүлінген.

Бұдан бөлек, Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Қырым энергетикалық көпірінің инфрақұрылымына кіретін "Кубань" өтпелі бекетінде де өрт болғаны туралы ақпарат түсті. Бұл мәліметтерді тәуелсіз мониторинг ресурстары жариялады.

Ресейдің қорғаныс министрлігі дүйсенбіге қараған түні 209 украиналық дрон атып түсірілгенін мәлімдеді. Украина тарапы бұл ақпаратқа байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG