Accessibility links

Украинаның кезекті дрон шабуылы: Мәскеу маңында үш адам өлген, Ставропольде мұнай қоймасы өртенді

Ресейдің Краснодар аймағында украиналық дрон шабуылынан кейін шыққан өрт. 28 маусым, 2026 жыл.
Ресейдің Краснодар аймағында украиналық дрон шабуылынан кейін шыққан өрт. 28 маусым, 2026 жыл.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев 13 шілдеге қараған түні дрон шабуылдарынан қаза тапқан және жараланғандар бар деп хабарлады.

Шенеуніктің айтуынша, аймақта 81 дрон атып түсірілген. Истрадағы Пионерский ауылында үш адам қаза тауып, үш адам жараланған. Бес жеке үйде өрт шыққан. Солнечногорскіде көпқабатты үйге дрон түсіп, екі адам жараланған. Ғимараттың қабырғасы мен терезелері зақымдалған.

Бабкино ауылында екі жеке үй, ал Можайск қаласындағы көпқабатты үйдің маңдайшасы мен терезесі бүлінген.

Ставрополь өлкесінің губернаторы Шпаковский ауданындағы Вязники ауылында өнеркәсіп аймағында өрт шыққанын, төтенше жағдайлар қызметтері оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Украинаның мониторинг жүргізетін Exilenova+ және Supernova+ telegram-арналары Михайловскідегі мұнай қоймасы өртеніп жатқанын хабарлады. Astra арнасы ол қойма Вязники ауылындағы теміржол маңында орналасқан және бұл кейінгі аптада осы қалада шабуылға ұшыраған екінші мұнай қоймасы деп жазды.

Краснодар өлкесінің арнайы тобы Темрюк ауданындағы компанияда өрт шыққанын хабарлады. Дрон сынықтары Ильич ауылындағы жеке үйге де құлаған. Белореченск ауданында дрон сынықтары компаниядағы жабдықтар орналасқан ангарды зақымдаған.

Украиналық Telegram-арналар NASA FIRMS қызметі дерегіне сүйеніп, Азов теңізінде тіркелген өрт оқиғалары туралы хабарлады, оған қарағанда, ресейлік "тасадағы флотқа" тиесілі танкерлерге шабуылдар жасалған болуы мүмкін.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Волгоград, Владимир, Белгород, Брянск, Калуга, Курск, Липецк, Орел, Ростов, Рязань және Тула облыстары, Мәскеу облысы, Краснодар өлкесі, аннексияланған Қырым түбегі, Адыгей аймағында және Азов пен Қара теңіздері үстінде 342 украиналық дрон атып түсірілді деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG