Accessibility links

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ке дейін азайтты

Қазақстан ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін азайтты.

"ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады" деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%-ға дейін төмендеді. Инфляция осымен қатарынан 12-ай баяулап отыр, бұған салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы ықпал етті дейді қаржы реттеуші орган.

"Азық-түлік инфляциясы жеміс-жидек пен көкөніс мейлінше арзандап, ет бағасының өсу қарқыны баяулағанына байланысты 8,5%-ға (9,5%) дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция ЖЖМ (жанар-жағармай) бағасының жылдық өсу қарқыны төмендегендіктен 11,0%-ға (11,4%) дейін баяулады... Айлық инфляция қыркүйекте 0,6% (тамызда 0,6%), маусымдық факторлардан тазартылғанда 0,7% (0,9%) болды. Базалық инфляцияның маусымдық факторлардан тазартылған медианасы 0,7% деңгейінде қалды, бұл өз кезегінде баға қысымы сақталып отырғанын көрсетеді" деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.

Ведомствоның жазуынша, Таяу Шығыстағы ахуал энергия көздерінің қымбаттауына әсер етіп, инфляцияға қысымды күшейтті.

Қыркүйекте БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының азық-түлік баға индексі бір айда 1,5%-ға, бір жылда 5,8%-ға өсіп, 136 пунктке жетті. Бұған дәнді дақылдар, қант пен өсімдік майының қымбаттауы себеп болды, ал бірқатар орталық банктер инфляциялық қысымға байланысты ақша-несие саясатын қатаңдатып жатыр дейді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді 4 желтоқсанда қабылдайды.

Соңғы рет Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылы 4 қыркүйекте 16,75%-дан 16,25%-ға дейін түсірген еді. Мұны инфляцияның баяулауы, азық-түлік бағасының арзандауы, теңгенің нығаюымен байланыстырған.

Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG