Жексенбіге қараған түні британ күштік құрылым қызметкерлері Ла-Маншта Ресейдің "тасадағы флотының" танкерін ұстады. Бұл жөнінде Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі және премьер-министр Кир Стармер хабарлады.
Камерун туымен жүрген Smyrtos танкерін ұстау операциясы алты сағатқа созылған. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұсталған кеме тергеу кезінде оңтүстік жағалау бөлімі мамандарының бақылауында болады.
Starboard Maritime Intelligence сервисіне сүйенген The Insider жазуынша, танкер автоматты түрде анықтау жүйесін қоспай кемінде 5 маусымнан бері Фин шығанағы тұрағында болған және баратын бағыты ретінде көрсетілген Уcть-Луга портына енген болуы мүмкін.
Танкер тұрақта тұрған кезде оның шөгу көрсеткіші өзгерген, бұл кемеге жүк тиелгенінен хабар береді. 7 маусымда Smyrtos тұрақтан кетіп, батысқа Египеттің Саид портына қарай бағыт алған. 11 маусымда Балтық теңізінен шығып, екі күннен кейін Ла-Маншқа жетіп, сол жерде ұсталып отыр.
Украина барлау бас басқармасының дерегінше, Smyrtos Ресейдің мұнай өнімдерін экспорттаумен кемінде 2025 жылдың наурызынан бері айналысқан. Көп жағдайда Қиыр Шығыстағы Козьмино портынан тасымалдаған. Кейінгі бір жылда Smyrtos танкері Еуроодақ, Швейцария, Ұлыбритания, Украина және Канаданың санкциясына ұшыраған.
Ресей "тасадағы флотты" халықаралық санкцияны айналып өту үшін пайдаланады. "Тасадағы флоттың" құрамында кемінде 700-ден астам кеме бар және санкцияны айналып өту арқылы сатылатын Ресей мұнайының 75 пайызына жауапты.