Ұлыбритания Ресей билігіне Украинаға қарсы соғыста қаржылай көмек көрсетіп жатқан Ресей азаматтары мен компанияларына санкцияны күшейтті. Санкцияға сонымен бірге Ресеймен ынтымақтастық орнатқан үшінші ел азаматтары мен компаниялары да енген. Бұл жолы қырғызстандық Kifiko компаниясы енді деп жазды Азаттық Азия.
Британ үкіметінің ресми сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, Kifiko LLC Ресейге салынған санкцияны айналып өту үшін қолданылған схемаға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Radio Moldova сайты келтірген зерттеуде Қырғызстанда тіркелген аталған компанияның молдовалық олигарх Илан Шормен байланысы бар екені жазылған. Өз елінде сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырылған Шорға қазір іздеу жарияланған.
Бұған дейін Ұлыбритания қырғызстандық "Капитал банк" пен оның директоры Кантемир Шалбаевқа санция салған еді. Лондонның айтуынша, Ресей аталған банкті әскери тауар сатып алу үшін пайдаланған. Осы мақсатта криптобиржаны да қолданған.
Британ шектеуіне Қырғызстанда ашылған Grinex криптобиржасы да ұшыраған. Оның да Игорь Шормен байланысы бар екені айтылды.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров бұған дейін Батыс елдерін қырғыз банкіне "негізсіз санкция салды" деп айыптаған. Ол мұны "дамушы елдердің экономикасына қысым жасау құралы" және "ішкі ісіне араласу" деп атаған.
Қазан айында сол кездегі экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев Қырғызстан халықаралық санкцияға ұшыраған тауарларды тасымайды және өз міндетін орындап жатыр деп мәлімдеген.
Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Кулыбаев ресми Бішкек АҚШ пен Еуропа елдері енгізген экономикалық санкцияны сақтайды деп мәлімдеген.
18 желтоқсанда Ұлыбритания жариялаған тізімде сонымен бірге өзбекстандық Raw Materials Cellulose, Gelion Business Trade, Ферғана химия зауыты, Chemistry International компаниялары да бар. Бірікке Араб Эмираттарында тіркелген бес кәсіпорын бар.
Санкцияға енген жеке тұлғалар арасында Ресей азаматтары Сергей Добринов және Андрей Палевич ("Текстиль-сервис" иесі), Өзбекстан азаматы Рустам Муминов (Ферғана химия зауыты), сонымен бірге Пәкістан және Канада азаматы Мұртаза Әли Лахан (Fossil Trading және Tejarinaft қатысы бар деп айтылады) және Әзербайжан азаматы Шыңғыс Әлиев бар.