7 желтоқсанға қараған түні Үндістанның Гоа штатында жағажай маңында орналасқан Арпора кентіндегі Birch by Romeo Lane түнгі клубында болған өрт салдарынан кемінде 25 адам өліп, алты адам жарақат алған.
Алдын ала деректерге қарағанда, қаза тапқандар арасында түнгі клубтың 14 қызметкері және төрт турист бар. Өзгелері кім екені әзірше белгісіз.
The Times of India басылымы сөйлескен куәгерлер өрт түн ортасына қарай шыққан кезде клубта жүз шақты адам болған деп айтқан. Штат полициясы газ баллоны жарылып, өрт содан шыққан болуы мүмкін деп топшылайды.
Гоа штаты үкіметінің жетекшісі Прамод Савант клуб иесін тұтқынға алу туралы ордер берілді, мекеменің басқарушысы мен тағы бірнеше адам ұсталды деп хабарлаған. Ол қайғылы оқиғаның мән-жайын тексеру және түнгі клубта өрт қауіпсіздігі ережесінің талаптары қалай сақталғанын анықтау жөнінде бұйрық бергенін мәлімдеген.